You are here

2019 жылдың 19 маусымында ЭЫДҰ халықаралық TALIS-2018 мұғалімдер мен мектеп директорлары зерттеуінің алғашқы нәтижелерін жариялайды

Printer-friendly versionPDF version

 

Мұғалімдер өз мамандығы туралы қандай пікірде? Еңбек жағдайлары туралы не ойлайды? Не себептен олар мұғалім мамандығын таңдады? Мұғалімдер өздерінің кәсіби дамуы мен өсуі жайлы не ойлайды? Оқыту процесі қалай ұйымдастырылады?

TALIS халықаралық зерттеуі эмпирикалық  деректерге сүйене отырып осы және өзге де сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік береді. Зерттеуге әлемнің 48 елінің кездейсоқ іріктелген 260 мыңға жуық мұғалімі мен мектеп басшылары қатысты.  

Қазақстандық мұғалімдердің TALIS-2018 зерттеуіне қатысуы Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған елеулі оқиға. Алғашқы рет қазақстандық мұғалімдер өздерінің ойлары мен көзқарастарын халықаралық деңгейде білдіру мүмкіндігіне ие болды. Қазақстаннан зерттеуге 5-9 сыныптарға сабақ беретін 6 566 мұғалім мен 331 мектеп директоры қатысты.

ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы) зерттеуге қатысушы елдер санының артуына байланысты және неғұрлым терең  талдау жүргізу мақсатында зерттеу нәтижелерін 2 томда жариялайды. Халықаралық баяндаманың бірінші томы «Мұғалімдер және мектеп директорлары: өмір бойы білім алу» ағымдағы жылдың 19 маусымында жарияланатын болады. Ал екінші том «Мұғалімдер және мектеп директорлары: мәртебелі мамандар» 2020 жылдың наурызында жарық көреді. Бірінші томда мұғалімдерді кәсіби даярлау, педагогтардың үздіксіз кәсіби дамуы, тәжірибелері мен жұмыспен қанағаттану деңгейі сияқты көптеген сұрақтар талданатын болады. Екінші том мектептегі көшбасшылық, мұғалім мамандығының беделі мен мәртебесі және олардың кәсіби бірлестігі тақырыптарын қозғайды.

Терең контекстік талдау жүргізу мақсатында осы жылдың тамызында «TALIS мұғалімдер мен мектеп директорларының халықаралық зерттеуі: Қазақстанның алғашқы нәтижелері» атты Ұлттық баяндаманың бірінші томы  жарияланады. Онда қазақстандық мұғалімдердің жауаптары TALIS-ке қатысушы елдердің мұғалімдерінің жауаптарымен салыстырылады. Сондай-ақ, зерттеу нәтижелері мұғалімдердің (жасы, жынысы, еңбек өтілі) және білім беру мекемелерінің (мектептің географиялық орналасуы, оқушылар контингенті) контекстік сипаттамалары арқылы талданатын болады.

19 маусымда сағ. 18:00-де (Нұр-Сұлтан қ. уақытымен) TALIS-2018 нәтижелерінің Лондондағы талқылауын http://www.effdebate.org/eff21/ сілтемесі арқылы тіркеліп тікелей эфирде көре аласыз немесе Twitter желісінде сұрақтарды #EFF21 хэштегін пайдаланып қоюға болады.

Зерттеу туралы толығырақ ақпаратты мына сайттан таба аласыз http://www.oecd.org/education/talis/

Халықаралық TALIS тәлім беру мен оқу зерттеуі мұғалімдер мен мектеп директорларына бағытталған әлемдегі ең ауқымды әрі беделді зерттеу болып табылады. ЭЫДҰ әртүрлі елдердің оқытушылары мен директорларынан ақпаратты қатысушы елдердің педагог кадрларын дамыту және білім беру ортасын жақсарту мақсатында әрбір 5 жыл сайын (2008 жылы – 24 ел, 2013 жылы – 34 ел, 2018 – 48 ел) жинайды және халықаралық талдау жүргізеді.