You are here

«Ақпараттық-талдау орталығының» сарапшылары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Мектеп әлемін өзгертетін ұстаздар» атты халықаралық XI ғылыми-практикалық конференциясына белсенді қатысты

Printer-friendly versionPDF version

2019 жылдың 24-25 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» (НЗМ) ДББҰ «Мектеп әлемін өзгертетін ұстаздар» атты халықаралық XI ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Осы жылғы конференцияның кілтті тақырыбы – мұғалімдер, себебі мұғалім ғана болашақ ұрпақ жетістігінің кілті, білім беру сапасының кепілі, білім беру реформаларының тікелей жүзеге асырушысы, балалардың жүрегі мен санасына жол табатын және шабыттандыратын бірден-бір тұлға» (НЗМ, 2019).

Конференцияның басты мақсаты - тәжірибе алмасу және білім беру саласындағы зерттеулер мен үрдістерді талқылау, оның ішінде жаһанданған әлемде білім беруді қамтамасыз ету. Конференцияға жергілікті және халықаралық білім беру ұйымдарының 2 мыңнан астам өкілдері жиналды.

Конференция еліміздің әр аймағынан келген жас мұғалімдердің уәждемелерімен басталды. Конференцияның пленарлық отырысына шетелдік сарапшылар қатысты. Израильдегі Бейт-Берл колледжінің аға оқытушысы Йорам Харпаз (Yoram Harpaz)  тыңдаушыларға тиімді оқыту және оқыту әдістері арқылы оқушылардың білімін арттырудың формуласын ұсынды. ЭЫДҰ жетекші талдаушысы Карин Тремблэй (Karine Tremblay) халықаралық TALIS-2018 зерттеуіндегі қазақстандық мұғалімдердің негізгі нәтижелерін ұсынды. Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросының білім беру бағдарламасының маманы Лина Бенете НЗМ төрайымы Күләш Шамшидиноваға «Білім 2030» бағдарламасының күн тәртібін алға жылжытуда университет пен мектеп серіктестігін дамытуға қосқан үлесі үшін Wenhui сыйлығын салтанатты түрде табыстады.

Конференция барысында секциялық отырыстар, симпозиумдар, мастер-кластар және әртүрлі бағыттардағы постер сессиялары өткізілді. «TALIS-2018 оқыту мен оқу халықаралық зерттеуінің нәтижелері туралы» симпозиумға ЭЫДҰ өкілі Карин Тремблэй, «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ президентінің орынбасары Мағжан Аманғазы және Петропавлдағы «Педагогикалық шеберлік орталығы» директорының орынбасары Мадина Тыныбаева қатысты. Өз сөзінде Мағжан Аманғазы мектептердің (қала/ауыл, өңірлер) орналасу ерекшеліктеріне, типтеріне және мұғалімдердің жұмыс тәжірибесі, жынысы және жасы сияқты ерекшеліктерін ескере отырып, TALIS-2018 сауалнамасында қазақстандық мұғалімдердің нәтижелеріне толығырақ талдау жасады. Сонымен қатар, мұғалім мен директордың сауалнамаларында қамтылған қосымша ұлттық сұрақтардың нәтижелерін таныстырды.

«Академиялық адалдық мектеп мәдениетінің бір бөлігі ретінде» секциясында білім берудің барлық деңгейлерінде академиялық адалдық қағидаттарын ілгерілетудің маңыздылығы талқыланды. Норвегия ғылым және технологиялар университетінің әлеуметтік және білім беру ғылымдары кафедрасының профессоры Марит Ховейд (Marit Hoveid) академиялық жұмыстарды сенім негізінде құру керектігін атап өтті. «Оқушылардың жаһандық құзіреттілігі» секциясы аясында павлодарлық НЗМ мұғалімдері Валерий Головинцева және Вера Голованова Израиль мектептерімен ынтымақтастық арқылы оқушылардың жаһандық құзіреттілікті дамыту тәжірибесімен бөлісті. «Мұғалімдердің ғылыми-практикасы» секциясында мұғалімдер мен мектеп психологтары мұғалімдердің әл-ауқатына арналған зерттеу нәтижелерімен бөлісті, көкейкесті мәселелерді талқылады және оқу процесін ұйымдастыру және инновациялық әдістерді қолдану тәжірибелерімен бөлісті. Йорам Харпаз өзінің «Жаңа білім берудегі ортасын құруға алты қадам» семинары аясында мектептегі білім беру жүйесі әлеуметтену, аккультурация немесе жеке тұлғаны дамыту принциптеріне негізделуі керек деген идеяны ұсынды.

Қорытынды панельдік дискуссия ерекше форматта өтті. Спикерлер үш топқа бөлінді: зерттеушілер тобы, басқару тобы және практик-ұстаздар тобы. Спикерлерге модератор мен аудитория сұрақтарына жауап дайындауға 1 минут уақыт берілді. Осылайша білім берудегі құндылықтар, мектептер мен университеттер арасындағы ынтымақтастық, мамандыққа кіру және басқа да мәселелер үш тұрғыдан талқыланды. Конференция жұмысы «Үздік баяндама» және «Үздік постер» номинациялары бойынша мұғалімдерді марапаттау рәсімімен аяқталды.