You are here

БІЛІМ БЕРУДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАРЫНА ШОЛУ № 56 шығарылым (06.11.2015 - 16.11.2015)

Printer-friendly versionPDF version

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЮНЕСКО әлемдік ғылымды дамыту жөнінде баяндаманы жариялады

University World News, 14.11.2015

ЮНЕСКО Әлемдік ғылымды дамыту туралы жаңа баяндаманың деректері бойынша (UNESCO Science Report: Towards 2030), әлемде ғылыми зерттеулерге жалпы шығындар 30,7%-ға ұлғайды, 2007 жылғы $1,1 трлн. бастап 2013 жылғы $1,5 трлн. дейін.  

Ғылымды қаржыландыру бойынша Америка Құрама Штаттары көш бастап келеді. АҚШ-тың ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге шығындары 2007 жылғы $359,4 млрд. 2013 жылғы $396,7 млрд. дейін өсті.  

Екінші орынды Қытай иеленді. Бұл елдегі ғылыми-зерттеу қызметіне шығындар ұқсас кезеңде $116 млрд. бастап $290,1 млрд. дейін өсті. Қытайдың ғылыми зерттеулерге жаһандық шығыстардың жалпы үлесіне қосқан үлесі 20% құрайды.      

Үшінші орынға жайғасқан Жапонияның шығыстары 2013 жылы $141,1 млрд. немесе әлемдегі ғылымға барлық шығыстардың 9,6% құрады. Зерттеу қызметіне қарқынды түрде қаражат жұмсайтын басқа да елдердің қатарында Германия (5,7%), Оңтүстік Корея (4,4%), Франция (3,1%), Ұлыбритания (2,5%), Бразилия (2,2%) және Ресей (1,7%) бар.

Жарияланымдардың белсенділігі бойынша көшбасшы – Еуропалық одақ болып табылады. Бұл өңірдің үлесі әлемдегі барлық ғылыми жарияланымдардан 34% құрайды. Одан кейінгі орында – АҚШ (25%). Айтарлықтай зор көрсеткіштерге қарамастан, ЕО мен АҚШ жарияланымдарының жалпы саны соңғы жылдары едәуір төмендеді. 

Бұған кері үрдіс Қытайда байқалады. Ғылыми жарияланымдардың саны 2008 - 2013 жылдары аралығында  шамамен екі есе өсті, сөйтіп жалпы әлемдік көлемнен 20% құрады. 

Жалпы алғанда, ғылымда басты назардың іргелі зерттеулерден қолданбалы ғылымға ауысу үрдісі байқалады. Одан басқа, елдер арасындағы ғылыми-зерттеу қызметі саласындағы алшақтық та азайды. Бұл басымдықтардың шикізаттық экономикадан білімге негізделген экономикаға ауысуына байланысты.       

АҚШ-тың жоғары сынып оқушылары өз оқуларымен қатар тегін негізде колледждерде де білім алады  

Educationnews, 03.11.2015

Обаманың әкімшілігі жоғары сынып оқушыларына арналған Пелл Грант (Pell Grant) эксперименттік бағдарламасын жария етті. Аталмыш бағдарламаға сәйкес аз қамтылған отбасынан шыққан жоғары сынып оқушылары__ дуалдық білім беру бойынша колледждерде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Пелл Грант 2016-2017 оқу жылы бастау алады және жалпы сомасы 20 миллион долларды құрайды.  

Анықтама үшін: Пелл Грант (Pell Grant) – АҚШ федералды үкіметінің аз қамтылған отбасынан шыққан студенттерге және колледжде немесе университетте мүлдем білім алмағандарға берілетін оқу гранттары. Грант Род-Айленд штатының бұрынғы сенаторы Клейборн Пеллдің құрметіне аталды.  

Пелл Грант бағдарламасының қатысушылары мектепте оқып жүріп, колледждерде жыл сайын кем дегенде оқудың 12 сағатын алу мүмкіндігі бар. Сөйтіп, колледжге түскісі келетін жоғары сынып оқушылары орта білімнен кейінгі білімге көбірек қол жеткізе алады.

Әлемдегі халықаралық мектептердің саны 8 мыңға жетті

Pienews, 12.11.2015

Әлемде оқытуы ағылшын тілінде халықаралық мектептердің саны 8 мыңға жетті. Бұл мектептерде барлығы 4,26 оқушы оқиды.  

Оқытуы ағылшын тілінде халықаралық мектептердің көбісі Қытайда орналасқан (526). Сондай-ақ елде халықаралық мектептерді ашудың анағұрлым қарқынды өсімі байқалады, олардың саны         2011 жылдың қыркүйек айынан бастап 218-ге артты.   

Оқытуы ағылшын тілінде мектептер санының жылдам өсуі Біріккен Араб Әмірліктерінде де байқалады. Қазіргі таңда елде 513 халықаралық мектеп жұмыс істейді, бұл 2011 жылғы қыркүйек айымен салыстырғанда, 143 мектепке көбірек. Бұдан кейінгі екі жылдың ішінде тек Дубай қаласының өзінде 21 жаңа мектеп ашу жоспарланған.         

Қытай мен БАӘ-дан кейін, халықаралық мектептердің саны бойынша үшінші ел – Пәкістан (436).

Халықаралық мектеп қажеттіліктерінің басты факторларының бірі – ауқатты ата-аналардың өз балаларына орта білімді ағылшын тілінде беру қалауы болып табылады. Бұл оларға батыстың жоғары оқу орындарына оңайлықпен оқуға түсуге септігін тигізеді.     

Корея Үкіметіне тарих бойынша бірыңғай базалық оқулық әзірлеу тапсырылды

The Korea Herald, 03.11.2015

Оңтүстік Кореяның Премьер-министрі Хван Кё-Ан 2017 жылдан бастап орта білім беруге арналған тарих оқулықтарын әзірлеу мемлекетке тапсырылатыны жайлы хабарлады. 

Қазіргі уақытта тарих оқулықтарын әзірлеу сегіз жекеменшік баспамен жүргізілуде. Бұл жүйе Кореяда  2002 жылдан бастап қызмет етеді. Осы уақытқа дейін барлық оқулықтар сараптамадан өткізілген еді, алайда мемлекеттің оқулықтарды түзетуге айтарлықтай ықпалы болған жоқ. Кітаптар әдетте Оңтүстік пен Солтүстік Корея арасындағы тарихи қарым-қатынастар және т.б. жөнінде саяси бұрмаланған мазмұнға ие болған. Осыған байланысты, Корея үкіметі тарих пәні бойынша бірыңғай базалық оқулық әзірлеу жөнінде мемлекеттік жоспар дайындайды.            

Білім беру министрі Хван Ву-Ие жаңа оқулықтар қатесіз және идеологиялық тұрғыда бұрмаланған астарсыз болатынын да атап өтті. Бұған қоса, жариялау процесінде қалың жұртшылықтан кері байланыс алу үшін кітаптардың бір бөлігі онлайн жарияланатын болады.           

АҚШ-тың, Джорджия штатында мектепке дейінгі білім берудің экономикалық пайдасы жылына $4,7 миллиардқа жетеді

Online Athens, 23.10.2015

АҚШ-тың, Джорджия штатында, мектепке дейінгі білім беру экономиканың ірі салаларының бірі болып табылады. Мамандардың есептеуі бойынша,  оның жыл сайынғы экономикалық пайдасы $4,7 млрд. құрайды. Бұл 2008 жылға қарағанда 13%-ға жоғары. 

Штатта мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 337 мың бала қамтылған, олардың ішінде 143 мыңы – үш жасқа дейінгі балалар. Нәтижесінде, мектепке дейінгі білім беру жүйесі жұмыспен қамтудың және 552 мың ата-ана арасында кірістің өсуін ынталандырады.      

Джорджия штатының мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 67 мың адам жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарының тиісті тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге қажеттілігі бизнес-сектордың дамуын қамтамасыз етеді. Бұл қосымша 17 мың жұмыс орнының пайда болуына септігін тигізді.   

Пайданың жалпы сомасынан $1,3 млрд. мектепке дейінгі білім беру саласында жұмыс істейтін адамдардың жалақысын жұмсау нәтижесінде түседі. 

Англияда математикадан жоғары білікті мұғалімдерді даярлау он жылға жуық уақытты қамтиды 

ВВС, 13.11.2015

Математика білімі жөніндегі Консультациялық кеңестің баяндамасына сәйкес (the Advisory Council on Mathematics Education), бастауыш және орта мектептегі математика пәнінің мұғалімдері анағұрлым сапалы біліктілікке және даярлыққа мұқтаж.  

2014 жылы Офстэд (Ofsted) мұғалімдерді даярлау бойынша курстардың 94%-ын «жақсы» немесе «үздік» деп бағалады. Сонымен қатар, математика білімі саласында алдыңғы орынға шығу үшін мұғалімдерді даярлау бағдарламасына өзгерістер енгізу талап етілетінін атап өтті. Қазіргі таңда Ұлыбритания мектептердің жаһандық рейтингісінде математика мен жаратылыстану бойынша 20-орын алады.        

Анықтама үшін: ЭЫДҰ Мектептердің жаһандық рейтингісін құрды. Рейтингінің негізі ретінде 15 жастағы оқушылардың математика мен жаратылыстану ғылымдары бойынша PISA нәтижелері алынған. Тізімде бірінші орынды Сингапур иеленіп отыр. Одан кейін Гонконг, Оңтүстік Корея, Жапония және Тайвань орналасқан. Қазақстан 49-орынға жайғасты, Ресей – 34, Украина – 38. Тізімге барлығы әлемнің 76 елі енгізілген.  

Сингапур, Шанхай, Германиядағы математика пәнінің мұғалімдерін даярлау жүйесін салыстырған кезде, баяндама авторлары мынадай қорытындыға келді: математика пәнінің мұғалімдері қазіргімен салыстырғанда жоғарырақ дәрежедегі біліктіліктерге ие болуы тиіс. Бүгінгі таңда бастауыш мектептің мұғалімі болу үшін  GCSE емтиханы бойынша математикадан «С» бағасын алу  жеткілікті. 

Анықтама үшін: General Certificate of Secondary Education (GCSE) – Ұлыбританияда орта білімнің бірінші сатысын аяқтаған кезде оқушылар тапсыратын негізгі емтихан. Егер оқушы A, B, C, D, E, F немесе G бағасын алса, емтихан тапсырылған деп есептеледі. А – бұл ең жоғарғы баға, G – минималды өту балы. 

Баяндама авторларының санауы бойынша, жоғары білікті  математика пәнінің мұғалімдерін даярлау 10 жылға жуық уақыт алады. Ағымдағы жылы £67 миллион математикалық білімі жоқ 15 мың мұғалімнің біліктілігін арттыруға және қосымша 2,5 мың математика мен физика пәні мұғалімдерін мектептерге қызметке алуға бөлінген.  Математика бағыты бойынша магистратураға түсу үшін стипендиялардың саны өсті. 

АҚШ-та мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту туралы деректі фильм жарық көрді

Education Week, 10.11.2015

АҚШ-та елдегі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңыздылығы және мәні туралы  «Америка тәрбиесі» (Raising of America) атты деректі фильм жарық көрді. Деректі фильмді елдің телеарналарында 9 қазаннан бастап көрсетуде. Оны сондай-ақ, онлайн ақпарат арнасы арқылы көруге болады. Фильм бес бөліктен құрылған.        

Деректі фильмде бала миының дамуы, әлеуметтік саясат туралы және бала дамуына әсер ететін басқа да ықпалдар туралы деректер ұсынылған. Мектепке дейінгі білім беру мен отбасы ішіндегі бала күтімі жайында , негізгі деректер берілген.    

Осылайша, жоғары табысы бар 29 елдің арасында АҚШ балалардың әл-ауқаты бойынша 26-ншы орында. Сонымен бірге, АҚШ-тағы әр төртінші бала кедейлікте туған. Индустрияланған әлемде АҚШ аналарға бала күтімі бойынша ақылы демалыс бермейтін жалғыз ел болып табылады. Нәтижесінде, аналардың 40%-ы бала туғаннан кейін алғашқы үш айдың ішінде жұмысқа шығады.  

Деректі фильмде жоғарыда аталған факторлар баланың дамуына, оның мектептегі және жоғары білім берудегі жетістіктеріне қалай әсер ететіні қарастырылған.  

КЕҢЕС ҮКІМЕТІНЕН КЕЙІНГІ КЕҢІСТІК ЕЛДЕРІНІҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ  

Әзірбайжанда ақылы негізде оқитын студенттер стипендия алатын болды

АМИ Тренд, 11.11.2015

Ақылы негізде оқитын студенттер мемлекет есебінен білім алатын студенттермен қатар стипендия алатын болды. 

Жоғары оқу орнына ақылы негізде оқуға түскен бірінші курс студенттері бірінші семестрде стипендия алмайды. Екінші семестрде оларға бірінші семестрдің нәтижелеріне сәйкес стипендия беріледі. 

Өзгерістер докторанттар мен бастауыш арнайы кәсіптік білім берудің оқу орындарына қатысты қолданылмайды. Оларға стипендия бұрынғы тәртіп бойынша беріледі.   

Жаңа қағидалар ағымдағы оқу жылы мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарының студенттеріне қатысты қолданылады.   

Анықтама үшін: 2016 жылғы 1 ақпанда академиялық көрсеткіштері кем дегенде 91 балл бакалавриат студенттерінің бір айлық стипендиясы 95 манат ($90), академиялық көрсеткіштері кем дегенде 71 балл - 80 манат ($76), академиялық көрсеткіштері кем дегенде 51 балл – 50 манат ($48) құрайтын болады.

Бұл жаңашылдық білім беруге деген қызығушылықты ынталандыруға және студенттер арасында салауатты бәсекелестікті алға жылжытуға бағытталған. 

Ресейде мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету мәселесі әлі де шешілмеген

Московский Комсомолец, 08.11.2015

Үкіметтің қабылдап жатқан шараларға қарамастан, Ресейдің мектепке дейінгі білім беру жүйесінде кейбір мәселелер өз шешімін тапқан жоқ. Мектепке дейінгі білім беру әлі күнге дейін ресейлік халықтың едәуір бөлігі үшін қолжетімді емес.    

Оқу жылының соңында мектепке дейінгі мекемелерге кезекті жою іс жүзінде келесі оқу жылының басында, яғни екі-үш айдан кейін бұрынғы көрсеткіштеріне қайта оралады.  

Бұған мектепке дейінгі білім алуға тілек білдірушілер санының өсуі себеп болуда. 

Кезекті жоюға ұмтылған көптеген муниципалитеттер мәселені топтардың толығуы есебінен шешуде. Мектепке дейінгі білім берумен қамтуды арттыру көрсеткіштері бойынша есеп беру талпынысынан, кейбір өңірлерде  тәрбиеші:бала қатынасы 1:50 санына дейін жетеді Нәтижесінде, педагогтардың жұмыс жағдайы аса күрделене түсті. Бірнеше өңірлерде педагог кадрлардың балабақшалардан кетуі тіркелді.       

Сонымен қатар, 2,5 жастан бастап балалардың қайтсе де мектепке дейінгі ұйымдарға бару мүмкіндігі бар болса, ал сәбилердің (екі айдан бастап жоғары) мұндай мүмкіндігі мүлдем жоқ десе де болады. 2012 жылы мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі 1 жасқа дейінгі жәнесәбилер саны небәрі 1,3 мың болса, 2013 жылы жағдай тіптен нашарлады. 3-7 жастағы мектепке дейінгі балаларға арналған қосымша орындар үшін бөбекжай топтарын қысқарту тәжірибесі Ресейдің көптеген өңірлерінде кең етек алды.       

Одан басқа, мектепке дейінгі білім беру жүйесінде балабақшаларда балаларды мектепке даярлаудың қатал бағыты қалыптасты. 

Бүгінгі күні оқу үдерісі оқуға, санауға және жазуға үйретумен шектелген, бұл уақытта  ең маңыздысы – баланы ынталандыру, мектепте оқуға қызығушылығын ояту болып табылады. Балаларды тым ерте мәжбүрлеп оқыту тәжірибесі оқу ынтасының жоғалуына және мектептік бейімсіздік пен невроздың туындауына әкеп соқтырады.       

«ВКонтакте» бағдарламашыларға арналған университет ашты

Lenta.ru, 11.11.2015

«ВКонтакте» әлеуметтік желісі бағдарламалауға оқытуға арналған өз университетін ашты — VK University. Бастама жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне бағдарланған.   

Жоба тегін, бірақ әр бағдарламаның тыңдаушылар саны шектелген. VK University бірінші курсы iOS (Apple компаниясының смартфондарына арналған амалдық жүйе) арнап бағдарламалау бойынша үш айлық сабақтар болмақ. 

Кейіннен Android амалдық жүйесімен жұмыс жасайтындарға арналған және басқа да тақырыптар бойынша осы тектес шеберлік-сыныптары жоспарланған. Сабақтар аптасына бір рет Санкт-Петербургтегі Freedom коворкингте өтеді. 

Сабақтар әлеуметтік желінің алдыңғы қатарлы әзірлеушілерімен жүргізіледі. Университет жұмысындағы басты міндеттердің бірі – жас дарындарды іздеу. Атап айтқанда, жақын арада мобильдік қосымшаларды әзірлеу бойынша байқау өткізілмек. 

 Ресейде мұғалімнің кәсіптік стандарты 2017 жылы енгізілмек

Российская газета, 10.11.2015

Қазіргі уақытта мұғалімнің кәсіптік стандартын сынап көру РФ-ның 43 өңірінде жүргізілуде. Білім беру министрі Дмитрий Ливановтың сөзінше, мұғалімнің кәсіптік стандартының міндетті қолданылуы ағымдағы жылы басталуы тиіс еді. Алайда мұғалімдер мұндай жаңашылдықтарға әзірше дайын емес. Осыған орай, Ресейде мұғалімнің кәсіптік стандартын енгізу 2017 жылдың 1 қаңтарына шегерілді.  

Стандарт барлық мұғалімдерден жоғары білімнің болуын, ерекше қажеттіліктері бар оқушылармен жұмыс істей алуын, әр оқушыға жеке әдіс-тәсілдің пайдалануын талап етеді. Олар сондай-ақ сыныпта тәрбие жұмыстарын жүргізуге, ата-аналарды мектеппен өзара әрекеттесуге тартуға, сондай-ақ тұрақты дамып отыруға міндетті. Мұғалімнің жұмысы стандарт талаптарын орындау негізінде анағұрлым объективті бағаланады. Қазіргі таңда мұғалімдерді БМЕ (Бірыңғай мемлекеттік емтихан) нәтижелері бойынша бағалайды.       

Басты мәселе – мұғалімдерді даярлау жаңа кәсіптік стандарттарға сәйкес келмейді. Д. Ливанов бұл мәселені шешу үшін мұғалімдерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін өзгерту бойынша жобалар іске қосылатынын атап өтті.  

4-сынып оқушылары орыс тілі мен математика пәндері бойынша бүкілресейлік бақылау жұмысын жазады

Комсомольская правда, 10.11.2015

Төртінші сынып оқушыларына арналған бүкілресейлік бақылау жұмыстары желтоқсанның бірінші аптасында өтеді. Орыс тілі бойынша бақылау жұмысының бірінші бөлігінде балалар сауаттылығын бағалау үшін диктант жазады. Екінші бөлімде мәтінмен жұмыс жасау және тілдік жүйені түсіну дағдысы тексеріледі. Орыс тілі бойынша барлығы 16 тасырма беріледі.     

Математика бойынша оқушылар 12 есеп шығаруы тиіс. Әр бақылау жұмысына 45 минут уақыт бөлінген. Әр сағаттық белдеу үшін дербес тапсырмалар кешені әзірленеді. 

Жұмыстар екі апта бойы өңделеді. Бұл бақылау жұмыстарының нәтижелері ата-аналарға өз балаларының білім траекториясын анықтау үшін пайдалы болуы мүмкін. Олар сондай-ақ оқытудың негізгі кезеңдерін аяқтау қорытындылары бойынша оқушылардың даярлық деңгейін бағалау, мектептерде пәндерді оқытуды жетілдіру, өңірлік білім беру жүйелерін дамыту үшін пайдаланылуы мүмкін.     

Осыған ұқсас бақылаулар басқа елдерде де өткізіледі. Мысалы, Финляндияда мұндай бақылау жұмыстарын барлық оқушылар тұрақты түрде жазып отырады. Нәтижелері бойынша баға қойылмайды, дегенмен, әр мектеп өзінің басқалардан қаншалықты озғанын, не артта қалғанын көре алады. Қорытындылар бойынша Білім беру министрлігі оқу бағдарламаларын түзету бойынша шешім қабылдайды, не балалардың  жоғары білім деңгейін көреді.

Ресейде мұндай бақылау жұмыстарын әр оқу жылының қорытындысы бойынша өткізу жоспарлануда. 2016 жылы бақылаудан 4-сынып өтеді, ал 2017 жылы – 4-нші және 5-нші сыныптар.  

Ресейде жаңа кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін құру үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалану ұсынылды

РИА Новости, 03.11.2015

РФ Премьер-министрі Дмитрий Медведев Ресейдің бұрынғы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі айтарлықтай дәрежеде нашарлады деп мәлімдеді.  

Премьер-министрдің сөзінше, жұмысшы мамандығын дамыту бағыттарының бірі – өнімді импорттық алмастыру үшін шығарылымды ұлғайту болмақ.  

Дамытудың тағы бір тиімді бағыты 2019 жылы Ресейде Worldskills жұмыс мамандықтарының халықаралық байқауын («Ворлдскиллс Ресей») ұйымдастыру және өткізу болмақ. Естеріңізге салсақ,  WorldSkills Championship Халықаралық чемпионаты Қазан қаласында өтеді.   

Одан басқа, 2015 жылдың басында Ресейде «Ворлдскиллс Ресей» Кәсіптік қоғамдастық пен жұмысшы кадрларын дамыту агенттігі өз жұмысын бастады. Агенттіктің қызметі WorldSkills International халықаралық ұйымның стандарттарына сәйкес кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған.

Ресейде 3 трлн. астам рубль мектеп құрылысы және жөндеу жұмыстарына жұмсалмақ

Газета, 12.11.2015

Ресей Премьер-министрі Дмитрий Медведев мәлімдегендей, келесі 10 жылда мектеп құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 3 трлн. астам рубль жұмсалады. Оның ішінде 2/3 федералдық бюджеттен бөлінеді. 2016 жылы «2016-2025 жылдары Ресей Федерациясының субъектілерінде жалпы білім беру ұйымдарында жаңа орындардың  құрылуына жәрдемдесу» бағдарламасын іске асыру бастау алмақ.

5-7 жыл бұрын елде демографиялық ахуалдың жақсаруына ықпал еткен бала тууының өсуі байқалды. Сәйкесінше жақын арада қосымша оқушы орны талап етіледі. 2015-2016 оқу жылы, өткен жылға қарағанда, бірінші сынып оқушылары 145 мыңға көбірек. 10 жылдан кейін оқушылардың саны 3,5 млн. дейін өседі.      

2015 жылғы деректер бойынша РФ-да үшінші ауысымда 13 мыңнан астам оқушы білім алуда. Елде  50-70% тозу деңгейімен 9 мың мектеп бар, ал 6 мыңы – 70%. Жоба шеңберінде жұмыс істеп тұрған мектептердің жаңғыртылуы жүзеге асырылуда: жөндеу жұмыстары, мектептің қосалқы құрылыстарын кеңейту, бұрынғы мектеп ғимараттарын сатып алу.   

Санкт-Петербург губернаторы Георгий Полтавченко мектептегі қабаттардың санын 5-6 дейін көбейтуді ұсынды. Киров облысының губернаторы Никита Белыхтың пікірі бойынша, сыныптағы тығыздықты 25 адамнан 30 адамға дейін арттыру керек.   

Жаңа бағдарламаға сәйкес 500 орынға шақталған 13 мың мектеп салынады. Бірінші кезеңде бірінші ауысымға бастауыш және жоғары сыныптарды ауыстырады. 2025 жылға қарай бір ауысымда 5-9 сынып оқушылары оқитын болады. Мектеп жағдайын жақсарту балалардың оқудағы және оқудан тыс іс-әрекеттерін сабақтастыруға жол береді.     


Дайджестті әзірлегендер: Н. Черкашина, Е. Коротких,

Д. Ташибаева, Г. Кусиденова, Д. Алимханова