You are here

БІЛІМ БЕРУДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАРЫНА ШОЛУ № 55 шығарылым (26.10.2015 - 06.11.2015)

Printer-friendly versionPDF version

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Ұлыбританияда студенттердің жаппай наразылық акциясы өтті  

International Business Time, 04.11.2015

Ұлыбританияның жоғары оқу орындарындағы оқу құнына көңілі толмайтын мыңдаған студент, қолдарына плакат алып, Лондонның орталық көшесімен өтті. 

Демонстрацияның ұйымдастырушысы – «Оқу үшін төлем мен қысқартуларға қарсы Ұлттық кампанияның сол жақ тобы» (Left Group National Campaign Against Fees and Cuts). Қатысушылар тегін білім енгізуді талап етіп, үкіметтің стипендияны алып тастау жөнінде жоспарларына қарсы шықты. 

Анықтама үшін: 2015 жылдың шілде айында қазынашылық канцлері Джордж Осборн аз қамтылған отбасынан шыққан студенттер үшін стипендияның алынып тасталуы туралы және олардың қарызбен алмасатыны жайлы жария етті. Қазіргі таңда Ұлыбританияның 500 мыңнан астам студенті стипендия алады. Стипендияның жалпы құны жылына £1,6 млрд. ($2,4 млрд.) құрайды.    

Бұл жағдай тек Ұлыбританияға ғана тән емес. Бір апта бұрын Оңтүстік Африкада бір топ наразы жастар университет кампусына жолды бөгеп, Парламентті жаулап алды, олар оқу үшін жоғары ақыға наразылықтарын білдірді. Тегін, не болмаса, кем дегенде қымбат емес жоғары білім беру туралы мәселелер басқа елдерде де көтеріліп жатыр. АҚШ-та президенттікке үміткер Хилари Клинтон мен Берни Сандерс те берешектен азат жоғары білім беру идеясын алға жылжытуда.         

Бұның барлығы білім берудің қолжетімділігі үшін халықаралық қозғалыстың үдейе түскенін білдіреді. Кейбір елдерде оқу құны төмендетілген еді. Осыған орай, әлемдегі жоғары білім алу құнының бірнеше мысалына назар аударсақ.      

АҚШ-та жоғары оқу орнында білім алу (тұру үшін шығындарды қоса алғанда) орта есеппен жылына $23,9 мыңды құрайды. 2014 жылы жоғары оқу орны түлектерінің 70%-нда орта есеппен алғанда $29 мың берешегі болды.     

Германия 2014 жылы жоғары оқу орындарында оқу үшін төлемнің жойылуы туралы жариялады. Алайда студенттерге тұру үшін шығындарды өтеуге жылына шамамен €8,7 мың ($9,4 мың) қажет.

Швецияда, мұнда да жоғары білім тегін, 2013 жылы орта статистикалық түлектің мемлекеттің алдындағы тұру үшін шығындарды төлеуге берілген қарызы $19 мыңды құрады.       

Қытай жоғары оқу орындарында жыл сайынғы оқу құны $3,3 мыңнан бастап $9,9 мыңға дейін құрайды. Тұру құны айына $700 және одан жоғары.    

 АҚШ Президентінің қытай тілін үйрену бастамасы іске асырылуда

Straitstimes, 26.10.15

Барак Обама «1 миллион күш» («1 Million Strong») атты бағдарламаға бастамашыл болды.  Бұл бағдарламаға сәйкес 2020 жылға қарай 1 миллион оқушы мен студент қытай тілін үйренетін болады. Осы бағдарлама аясында қытай тілін үйрену бойынша стандарт әзірленеді, оқытушылардың саны артып, шалғай елді мекендерде тұратындар үшін оқытатын онлайн платформа жасалады.

Бұл бастама АҚШ пен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсарту үшін қажет. Қазіргі уақытта 200 мыңға жуық американдық қытай тілін үйренуде. Көптеген сарапшылар тілге деген үдемелі қызығушылыққа байланысты Барак Обаманың мақсатына қол жеткізуі әбден мүмкін деп есептейді. 

Солтүстік Иллинойс зерттеуі көрсеткендей, Солтүстік Иллинойстағы жұмыс берушілердің 1/3-і екі тілді білетін түлектерді жұмысқа алуды жөн көреді. Бизнес өкілдерінің 22%-ы қытай тілін білетін әлеуетті қызметкерлерге басымдық береді. 

АҚШ-тағы Заманауи тілдер қауымдастығының зерттеуі жоғары оқу орындарында қытай тілін үйреніп жатқан студенттердің саны  18% ұлғайғанын көрсетті. 2013 жылы мұндай студенттердің саны 61 мыңға жетті.    

Бүгінгі таңда қытай үкіметінің қолдауымен АҚШ-та 500 жуық қытай тілінің мұғалімі қызмет етеді. 2014 жылы 100 мың американдық студент 5 жыл бойы Қытайда білім алу мүмкіндігіне ие болды.      

 Ирландия жастардың жұмыссыздығы салдарынан миллиондаған шығынға ұшырады

Irish examiner, 03.11.2015

PwC «Жас қызметкерлер индексі» (‘Young Workers Index’) есебінің деректері бойынша Ирландия ЭЫДҰ елдері арасында білім берумен және оқумен қамту бойынша төмен көрсеткіштерді (34-тен 29), жастар жұмыссыздығы арасында жоғары деңгейді көрсетті. Ирландиядан кейін Италия, Испания, Грекия, Португалия және Түркия. Көшбасшылар үштігінде – Швейцария, Германия және Австрия.    

Анықтама үшін: PwC – капитал, еңбек нарығы, бизнес және басқа да секторларда сапалы әрі транспаренттік деректерді ұсынатын компаниялардың бірі. Компанияның кеңселері әлемнің 157 елінде орналасқан. 

Индекс 8 индикаторға негізделген: (1) Білім берумен және оқумен қамтылмаған халықтың үлесі (NEETs), (2) Жұмыспен қамтылғандардың үлесі (3) Жұмыссыздардың үлесі, (4) Жұмыссыздықтың орташа үлесі, (5) Ішінара жұмыспен қамту   (6) Ұзақ мерзімді жұмыссыздық (бір жылдан астам) (7) Орта мектептен мерзімінен бұрын шығып кеткендердің үлесі (8) Білім берумен қамту (15-19 жас аралығы). Индекстегі индикаторлардың үлесі мынадай арақатынасқа негізделген: 

Білім берумен және оқумен қамтылмаған халықтың үлесі   (NEETs)

(20%)

Жұмыспен қамтылғандардың үлесі (20%)

Жұмыссыздардың үлесі

(10%)

Жұмыссыздықтың орташа үлесі

(10%)

Ішінара жұмыспен қамту

(10%)

Ұзақ мерзімді жұмыссыздық 

(10%)

Орта мектептен мерзімінен бұрын шығып кеткендердің үлесі

(10%)

Орта біліммен қамту үлесі 

(10%)

PwC бас экономисті әрі баяндаманың бірлескен авторы Джон Хоксворттың сөзіне қарағанда, көш бастаған еуропалық елдер (Германия, Швейцария, Австрия) жас адамдардың әлеуетін дамытуда мысал көрсетулері тиіс. Оған қоса, кәсіптік білім берудегі оқытудың әдіс-тәсілдері (өндірістік оқыту, тағылымдама т.б.) жұмыссыздықты барынша төмендетуге септігін тигізетінін атап өтті.   

Қытайдағы  жоғары оқу орнының 80%-ы кәсіпкерлік пен инновациялар курсын ашуда

China Daily, 29.10.2015

Қытай білім беру министрлігінің статистикалық деректеріне сәйкес, елдегі университет пен колледждің 82%-на жуығы кәсіпкерлік және инновациялар бойынша міндетті немесе элективті курстар ашты. 2015 жылы Қытай университеттеріндегі мұндай курстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 14% өсті. 

Сонымен қатар, университеттер мен колледждер кәсіпкерлік және инновациялар саласындағы жобаларды іске асыру үшін арнайы қорлар құрды. Қорлардың жалпы сомасы $160,4 млн құрайды. Ағымдағы жылы кәсіпкерлік және инновациялық жобаға 3 млн. астам студент қатысты. 

Аталмыш курстардың ашылуы Қытай жоғары оқу орындары түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Кәсіпкерлік бойынша қажетті бағдарламаларды әзірлеу үшін жоғары оқу орындары жұмыс берушілерді жұмылдырады. 

ЭЫДҰ сарапшылары мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіне талдау жасады

OECD Education Today, 28.10.2015

ЭЫДҰ елдерінде мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтудың арту шамасына қарай, қызмет сапасын қамтамасыз ету өзектілігі де арта түсті. Сол себепті, көптеген елдерде мектепке дейінгі білім беру қызметінің сапасын мониторингтеу және бақылау жүйесі құрылды.

24 елдің мектепке дейінгі білім беруді мониторингтеу жүйесінің негізгі сипаттамалары ЭЫДҰ-ның «Сенімді бастама IV: Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мониторингі» (Starting Strong IV: Monitoring Quality in Early Childhood Education and Care) атты соңғы есепте талданды. ЭЫДҰ мүшелерінен басқа, зерттеуге алғаш рет Қазақстан да қатысты.   

Есепке сәйкес мониторингтің кеңінен тараған аспектілері мыналар: қызметтер мен ұстаздар құрамының сапасы, баланың дамуы, ұстаздың балалармен өзара іс-қимылы. 

Сыртқы мониторингтің ең көп тараған құралдары – бақылау, сұхбат, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардың ішкі құжаттамасын зерделеу деп танылды. Оларды зерттеуге қатысқан елдердің 87,5%-ы пайдаланады. 21 елдің 9-нда мектепке дейінгі жастағы балалардың дамуына тестілеу жүргізіледі. Сонымен бірге, есепте көптеген елдердің мектепке дейінгі білім беруді мониторингтеу жүйесі бастауыш мектеп мониторингімен үйлестірілгені атап өтілді.                  

Ұлыбританиядағы зерттеу: мұғалімдердің 50%-нда оқушылардың оқу сауаттылығын жақсарту үшін білімі жеткіліксіз

TES, 03.11.2015

Ұлттық сауаттылық қоры (National literacy trust) Ұлыбританияның 2 326 мұғалімі арасында зерттеу өткізді.  Нәтижелерге сәйкес, мұғалімнің 51,7%-ы оқушылардың оқырман сауаттылығын арттыру мәселесінде білімдерінің жетпейтінін сезінеді. Одан басқа, мұғалімнің 23,9%-ы жаңа мектеп бағдарламасы бойынша оқыту дағдыларының жоқтығын алға тартты. Сондай-ақ 21%-ы олар оқытатын пәннің өзіне қатысты білімдері аз деп есептейді.   

Анықтама үшін: 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап Ұлыбританияда оқушылар жаңа бағдарлама бойынша білім алуда. Оның мақсаты: барлық дерлік пәндер бойынша мазмұнын қысқарту. Жаңа бағдарлама мұғалімдерге қалай оқыту керектігін түсіндірмейді, әр оқушы игеруі тиіс негізгі білім мен дағдыға ден қойған.       

Мұғалімдердің 95,2%-ы оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру қажет деп есептейді. Алайда мұғалімдердің тек 42,4%-ы ғана оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру жөнінде педагогикалық стратегиялармен таныс. Сонымен бірге, педагогтардың 77,1%-ы үйдегі ахуал оқушылардың сауаттылығын арттыруға кедергі келтіреді деп есептейді. 56,6% мұғалімнің пікірі бойынша, технологияларды пайдаланудың өсуі балалардың аз оқуының бірден-бір себебі.  

Ұлыбританияда бастауыш мектеп балаларын тестілеу нәтижелері үкіметтік деңгейде қарастырылмақ 

The Telegraph, 01.11.2015

Ұлыбританияда 7 жастағы мектеп балаларын тестілеудің нәтижелерімен енді үкімет танысатын болады. Жаңа талап 5 жастағы балаларға да қатысты қолданылуы мүмкін. Мұндай жаңашылдыққа итермелеген себеп – үкіметтің деңгейі төмен мектептерді анықтап, олардың жұмысын жақсарту шараларын уақытылы қабылдау ниеті болды.         

Қазіргі таңда британдық мектептерде 5 жастағы балалар оқу және тіл дағдыларына қатысты, ал 7 жастағылар – ағылшын тілі, математика және ғылыми қабілетіне қатысты бағаланады. Алайда, бағалау нәтижелері мектеп қабырғасында қалады. Бұл балалардың дамуындағы ілгерілеуін мемлекеттік деңгейде қадағалауға жол бермей отыр.      

Ұлыбританияның Білім беру министрлігінің пікірінше, балалардың жетістіктерімен танысу оқушылардың алғашқы оқу жылдарындағы ілгерілеулерін қадағалауды жеңілдетеді. 

КЕҢЕС ҮКІМЕТІНЕН КЕЙІНГІ КЕҢІСТІК ЕЛДЕРІНІҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Иннополис инновациялық университеті алғаш студенттерін қабылдады

Жаңалықтар РАА, 28.10.2015

Биылғы жылы Татарстандағы Иннаполис инновациялық университеті бакалавриат пен магистратураның бағдарламаларына студенттердің алғашқы жаппай қабылдауын өткізді. Жоғары оқу орнының алғашқы студенттері Ресейдің 45 өңірінен, сондай-ақ Қазақстан, Беларусь, Вьетнам, Мексика, Нигерия және басқа да елдерден келген 350-ден астам адам атанды.     

Иннополис Университеті – жаңа ресейлік жоғары оқу орны, заманауи ақпараттық технологиялар және робототехника саласындағы білім беру мен ғылыми зерттеулерге мамандандырылған. Оқыту бағыттары: компьютерлік технологиялар, БЖ әзірлеуді басқару, компьютерлік жүйелер мен желілердің қауіпсіздігі, ауқымды деректерді басқару жүйесі, робототехника. Университет конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша студенттерге білім беру гранттарын береді.      

Наурыз айынан бастап шілдеге дейін күндізгі іріктеу кезеңінен 700 астам талапкер өтті. Жоғары білім беру бағдарламасы бойынша оқуға өтінімдерді барлығы 20 мың адам ұсынды. Іріктеу нәтижелері бойынша 352 адам университет студенті атанып, ақпараттық технологиялар саласындағы оқуын бастады.        

Іріктеу қорытындылары бойынша 72 мектеп түлегі мен студент бакалавриаттың бірінші курсында, 185 студент — үшінші курста білім алуға гранттарды иеленді. Сонымен қатар, 95 жас АТ-маманы Иннаполис магистратурасында білім алу грантын иеленді.   

Иннаполистің студенттер мен талапкерлермен жұмыс жөніндегі проректоры Сергей Масягин атап өткендей, талапкерлер тек жақсы дағдыларын ғана емес, сондай-ақ білім алуға деген зор ынтасын көрсетті. Иннаполисте үміткерлер академиялық білім мен ағылшын тілін білуіне қатысты бақылаудан өтті, халықаралық професорлық-оқытушылар құрамымен және ресейдің ірі ІТ-компания өкілдерімен әңгімелесуге қатысты.        

Мемлекеттік Дума депутаты жоғары оқу орындарында бейіндік бағдарлау бойынша пән енгізуді ұсынды  

   ТАСС, 28.10.15

Ресейде Мемлекеттік Дума депутаты Елена Панина жоғары сыныптарда және жоғары оқу орындарында бейіндік бағдарлау бойынша сабақтар өткізуді ұсынды. Қазіргі таңда мектептерде бейіндік жұмыс міндетті болып табылмайды және жүйелі түрде жүргізілмейді. Сарапшылардың пікірі бойынша, дәл осы мектеп жасында мұғалімдер, психологтар және ата-аналармен бірлесіп  бейіндік бағдарлау жұмысы жүргізілуі тиіс. Колледждер мен жоғары оқу орындарында бейіндік бағдарлау жұмыстары мүлдем өткізілмейді.         

Панинаның сөзіне қарағанда, жоғары оқу орындарында және колледждерде мұндай курстар жаратылыстану-ғылыми және техникалық мамандықтарының студенттері үшін ерекше пайдалы болар еді. Жалпы пәндер бойынша курстан кейін студенттер әдетте өздеріне қандай мамандырылуды таңдауды білмейді. Бейіндік бағдарлау бойынша жұмыс студенттерге таңдау жасауда жәрдемдесуі мүмкін.        

Анықтама үшін: Ресейдегі «СуперДжоб» Кадрлар Үйінің деректеріне сәйкес жоғары оқу орындары түлектерінің 60%-ы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді.   

Ресейде алғаш рет географиялық диктант өтті

ТАСС, 01.11.15

1 қарашада Ресейдің барлық өңірлерінде алғашқы Бүкілресейлік географиялық диктант өтті. Оған жасы мен біліміне қарамастан кез келген адам қатыса алды. Диктантты өткізу бастамасын 2014 жылдың қараша айында РФ Президенті, Орыс географиялық қоғамдастығының (ОГҚ) қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Владимир Путин ОГҚ-ның XV съезінде ұсынған еді.  

Іс-шараның ұйымдастырушысы – ОГҚ. Диктант елдің барлық санаттарындағы азаматтардың географиялық білім деңгейін бағалауға мүмкіндік беріп, географиялық сауаттылық мәселесіне назар аударатын болады. 

Биылғы жылғы диктанттың тақырыбы – «Менің елім – Ресей». Диктанттың мәтіні 25 тест тапсырмасын қамтиды және үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – географиялық ұғымдар мен терминдерді білуге қатысты тапсырмалар. Екіншісі – картадағы географиялық объектілердің орналасуын білуге қатысты тапсырмалар, үшіншісі – географиялық сипаттамалар.     

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тапсырмаларды орындау уақытын ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Тұтас ел бойынша 220 алаңнан өзге, ОГҚ сайтында онлайн-тестілеу ұйымдастырылды.    

Жұмыстарды тек білікті оқытушы-географтар ғана тексереді. Географиялық білімді бүкілресейлік тексерісінің қорытындылары үстіміздегі жылдың 10 желтоқсанында шығарылады. Оның нәтижелеріне сәйкес география бойынша білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізілмек.

Украинада мектеп директорларын конкурс бойынша іріктейтін болады  

Іскерлік Славянск, 20.10.15

Жалпы білім беретін мектептердің директорларын ашық конкурс нәтижелері бойынша іріктейтін болады. Тиісті қаулы ү.ж.   13 қазанында Украина Үкіметінің отырысында қабылданды. Осы құжатқа сәйкес мектеп директоры мемлекеттік тілді жетік меңгерген Украина азаматы болуы мүмкін. Сонымен бірге, оның жоғары педагогикалық білімі және кем дегенде 3 жыл еңбек өтілі болуы тиіс. Одан бөлек, оның бойында жоғары адамгершілік қасиеттер мен тиісті денсаулық жағдайы болуы шарт.              

Украина Премьер-министрі Арсений Яценюк енді мектеп директорлары облыс не аудан басшысының шешімі бойынша емес, конкурстық комиссиямен сайланатынын атап өтті. Конкурстық комиссия құрамында мамандар, жұртшылық арасынан, ата-аналар комитеттерінің өкілдері және т.б. болады.  Конкурстық іріктеу үміткердің біліктілік талаптарына сәйкестілігін растайтын құжаттардың, уәждемелік хат пен оқу орнын дамытудың перспективалық жоспарын ұсынуды қамтиды. Үміткер сондай-ақ аталмыш жоспардың ашық таныстырылымын өткізуі тиіс. Конкурс нәтижелері жергілікті БАҚ-та жарияланады.    

Әзірбайжанда мұғалімдердің диагностикалық бағалауы өткізілді  

Тренд ХАА, 29.10.2015

Бакуде жалпы білім беретін мекеме мұғалімдерінің білімі мен қабілеттерінің диагностикалық бағалауы жүргізілуде.  

Мақсаты – тестілеу әдісі арқылы мұғалімдердің білім мен дағды деңгейін анықтау. Бағалау жалпы білім беретін мекемелердің оқу жоспарларымен көзделген пәндер бойынша жүргізіледі.    

Бағалау барысында мұғалімдерге мамандық бойынша 40 тест тапсырмасы ұсынылады, 20 – оқыту әдістемелері мен стратегияларға байланысты. Әр дұрыс жауап бір балмен бағаланады. Барлық сұрақтарға жауап беру үшін 90 минут беріледі.  

Диагностикалық бағалаудан өткен мұғалімдердің ай сайынғы лауазымдық айлықақысы оқу жүктемесіне сәйкес артып отырады. Бағалаудан өтпеген мұғалімдер үшін біліктілікті арттыру бойынша тренингтер ұйымдастырылады. 

Әзірбайжанның Білім министрі Микаил Джаббаров елдегі жалпы білім беретін мұғалімдердің 20%-ы білімді диагностикалық бағалаудан өткенін атап өтті. Ағымдағы жылдың соңына дейін мұғалімдер білімін диагностикалық бағалау Әзірбайжанның үш қаласында және тоғыз ауданында өткізіледі. Сөйтіп, бұл процесте жалпы білім беру жүйесінде қызмет ететін барлық мұғалімдердің 40% қамтылмақ.        

Министрдің сөзіне қарағанда, мұғалім мамандығын таңдаушылардың саны күннен-күнге өсіп келеді. Сонымен бірге, жоғары балмен педагогикалық мамандықтарға түсетін студенттер саны да өсуде. Үстіміздегі жылы жоғары балмен Әзірбайжан мемлекеттік педагогикалық университетіне 188 адам оқуға түсті. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен тоғыз есе артық.       


Дайджестті әзірлеген: Н. Черкашина, Е. Коротких,

Д. Ташибаева, Д. Алимханова