You are here

БІЛІМ БЕРУДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАРЫНА ШОЛУ № 57 шығарылым (16.11.2015 - 26.11.2015)

Printer-friendly versionPDF version

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР  

Жұмысқа орналасу үшін дағдылар көрсеткіштері бойынша ЭЫДҰ-ның жаңа деректер қоры әзірленді

OECD Skills and Work, 08.10.2015

Дүниежүзілік банк, Еуропалық білім беру қоры, Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) және ЮНЕСКО-ның қолдауымен ЭЫДҰ Жұмысқа орналасу үшін дағдылар көрсеткіштері бойынша деректер қорын  (World Indicators of Skills for Employment database, WISE) әзірледі. Жоба 2010 жылы Оңтүстік Кореяда өткен G-20 мүше-мемлекеттердің самитінде қабылданған Даму жөніндегі Көп жылдық Жұмыс Жоспары шеңберінде жүзеге асырылған (Multi-Year Action Plan on Development). 

Анықтама үшін: Multi-Year Action Plan on Development G-20-ға кіретін әр қатысушы-ел үшін экономикалық дамудың нақты жоспарларына бағытталған. Жоспардың міндеттері адами капиталды, жекелей инвестициялауды және жұмыс орындарын құруға, азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі ресурстарды тиімді пайдалану және тәжірибемен алмасуды дамытуға бағытталған.  

Әзірленген деректер қоры 200-ден астам елді қамтиды және 1990 жылдан бастап 2014 жылға дейінгі кезең ішіндегі 64 халықаралық-салыстырмалы индикаторлардан тұрады. Индикаторлар бес бағытқа бөлінген: 

  • мәнмәтіндік факторлар (contextual factors)
  • үйренетін дағдылар (skill acquisition)
  • талап етілетін дағдылар (skill requirements)
  • дағдылардың сәйкестілігі/сәйкессіздігі (skill mismatch)
  • экономикалық және әлеуметтік нәтижелер (economic and social outcomes)

Ақпарат OECD.Stat. статистикалық онлайн платформасында қолжетімді. Мұнда жеке елдердің бейіндері, қарқынды көрсеткіштерді салыстыруға мүмкіндік беретін индикаторлардың салыстырмалы кестелері берілген. 

 

WISE деректер қорының құрылымы

ЭЫДҰ «Білім беруге көзқарас 2015. ЭЫДҰ индикаторлары» жаңа талдамалық баяндамасын жариялады

OECD, 24.11.2015

Ағымдағы жылдың 24 қарашасында ЭЫДҰ «Білім беруге көзқарас 2015. ЭЫДҰ индикаторлары» жаңа талдамалық баяндамасын жариялады (Education at a glance 2015. OECD Indicators). 2015 жылғы баяндама білім берудің мектепке дейінгі деңгейінен бастап жоғары және жоғарыдан кейінгі деңгейге дейін статистикалық деректерді қамтиды (2013 жыл бойынша 80%). 

Анықтама үшін: «Білім беруге көзқарас 2015. ЭЫДҰ индикаторлары» - ЭЫДҰ мен оның әріптес-елдеріндегі білім берудің жай-күйі туралы шынайы ақпараттың беделді ресурсы. Білім беру статистикасының аталмыш жинағы 1998 жылдан бастап жыл сайынғы негізде жарияланады.       

Баяндаманың соңғы деректері бойынша, 2010-2012 жылдар аралығында ЭЫДҰ-ның көптеген елдерінде білім беруге мемлекеттік шығыстар төмендеді, бұл экономикалық дағдарыс салдарына байланысты болды. 

ЭЫДҰ-ның 11 елінде білім беруге мемлекеттік шығыстар кем дегенде 5%-ға төмендеді. Шығысты азайтудың анағұрлым жоғары деңгейі Эстонияда (14%-ға) және Венгрияда (13%-ға) байқалады.   

Дағдарыс мұғалімдердің жалақысына да кері әсер етті. ЭЫДҰ елдері бойынша білім берудің барлық деңгейлеріндегі мұғалімдердің жалақысы 2009 жылдан бастап 2013 жылға дейін 5%-ға төмендеді. Жалақының анағұрлым төмендеу үлесі Грекия мен Венгрияда байқалады (26%-ға). Орта есеппен ЭЫДҰ елдері бойынша мектепке дейінгі дайындық және орта мектеп мұғалімдерінің жалақысы білім деңгейі ұқсас басқа сала қызметкері жалақысының 80% құрайды.   

Сонымен бірге ЭЫДҰ елдері бойынша оқытушылар корпусының қартайғандығы байқалады. Осылайша, 2013 жылы орта мектептегі мұғалімдердің 36%-ы 50 және одан жоғары жаста. 

Ұлыбританияда балалардың көбі мектепке жетілмеген сөйлеу және тіл дағдыларымен барады

The Telegraph, 20.11.2015

Сауалнама бойынша, Ұлыбританиядағы бастауыш сыныптардың 500-ден астам мұғалімдері, бастауыш мектептің 3/4 оқушылары толық мәнді сөйлем құрастыра алмайды.

Мұғалімдердің 65%-ның пікірі бойынша, балалар қарапайым нұсқауларды орындамайды. Мұғалімдердің төрттен бірі тиісті сөйлеу дағдыларының дамымауы балалардың  орта мектептегі оқуына кері әсер етеді деп санайды. 

Мұғалімдердің басым көпшілігі мектепке дейінгі білім беруге қаржыландыруды ұлғайту, мектептегі оқыту нәтижелерін арттырады деп есептейді. Мұғалімдердің тек 15% ғана  ЖІӨ-ден 0,6% ағымдағы қаржыландыру деңгейі жеткілікті деп санайды.  

Зерттеу нәтижелері мектепке дейінгі білім берудің маңыздылығын көрсетті. 

Анықтама үшін: Ұлыбританиядағы ұқсас зерттеулер көрсеткендей, 4 жастағы 122 мың баланың тұлғалық, әлеуметтік және эмоционалдық дамуында кідірістер бар. 2016 жылдан бастап 3-4 жастағы кейбір балалар үшін тегін мектепке дейінгі білім беруді аптасына 30 сағатқа дейін, 2017 жылы – барлық балалар үшін арттыру жоспарланған.   

Аустралияда мектепке дейінгі білім берудің сағат сайынғы төлемін енгізу жоспарлануда

The Australian, 23.11.2015

Аустралия Үкіметі мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің сағат сайынғы төлемін енгізу ұсынысын жасады. Мақсаты – қызметтерді ата-аналар үшін анағұрлым икемді етіп, олардың мектепке дейінгі білім беру шығыстарын қысқарту. Төлем бойынша жаңа талаптарды 2017 жылдан бастап енгізу жоспарланған.      

Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің төлемі баланың ұйымда болу уақытына қарамастан бір баға бойынша күн сайын жүргізіледі.  

Сонымен бірге, көптеген мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мұндай жаңашылдықпен белгілі себептерге байланысты келіспей отыр: 

  • бұл қызмет құнының өсуіне әкеп соғады; 
  • оқу-тәрбиелеу процесінің сағатын 3-ке дейін азайту білім беру процесі тұрғысынан ғана тиімсіз емес, сонымен қатар педагогтардың жұмыспен қамтылу мәселесіне  әкеп соғады;  
  • кейбір аудандарда мектепке дейінгі ұйымдар жабылуы мүмкін.  

Ұлыбританияда мұғалімдердің 50% жуығы сыныпта АКТ-технологияларын іс жүзінде аз пайдаланады

The Telegraph, 25.11.2015

Ұлыбританиядағы бастауыш және орта мектептің 500 мұғалімі арасында өткізілген сауалнама нәтижелері бойынша мұғалімдердің жартысына жуығы сабақ үстінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды іс жүзінде аз пайдаланады.  

Одан басқа, бастауыш мұғалімдердің 46,8%-ы және орта мектеп мұғалімдерінің 45,3%-ы күніне бір рет планшет, компьютер, интерактивті тақта және E-learning жүйесін пайдаланады.  

Бастауыш және орта мектеп мұғалімдерінің 1/3 астамы оқу процесінде жаңа технологияларды қалай пайдалану керектігін білмейді.   

Сыныпта ақпараттық технологияларды тиімді пайдалануға оқытылмаған мұғалімдердің үлесі жеке мектептерге қарағанда (43,9%), мемлекеттік мектептерде жоғары (49,3%). 

Мұғалімдердің тек 30%-ы сыныпта технологияларды тиімді пайдалану оқушылар үлгерімінің артуына септігін тигізеді деп санайды.   

Анықтама үшін: Ұлыбританияда тек ағымдағы жылы ғана АКТ сатып алуға £623 млн. жұмсалды. Алдыңғы жылдың қаңтар айында Ұлыбританияның Білім министрі Ники Морган Үкімет мемлекет аумағының  95%-ын қамту үшін деректерді тасымалдаудың жоғары жылдамдықты желілерін дамытуға £1.7 млрд инвестициялауға жоспарланып отырғаны жайында мәлімдеді. 

Сингапур халықаралық деңгейде жергілікті кадрлардың санын арттыруға ұмтылады 

Straitstimes, 24.11.2015

Жыл сайын Сингапурдағы политехникалық жоғары оқу орындарының 200 астам студенті Жас дарындарды қолдау жөніндегі бағдарлама (Young Talent Programme, YTP) шеңберінде шет елде өндірістік тағлымдамадан өтетін болады.   

Анықтама үшін: Сингапурдағы Жас дарындарды қолдау жөніндегі бағдарлама 2013 жылы елдің дарынды жастарын халықаралық еңбек нарығында алға жылжыту бойынша қаржылық қолдау көрсету мақсатында қабылданды. Осы уақытқа дейін тек үш жоғары оқу орнының студенттері ғана мұндай мүмкіндікке ие болған еді (Наньян технология университеті, Сингапур ұлттық университеті және Сингапур басқару университеті). Қазіргі таңда 1 400 астам студент Бағдарлама шеңберінде шет елде тағлымдамадан өтті.     

Сингапурдың Халықаралық кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі агенттігі (International Enterprise Singapore) мен елдің алдыңғы қатарлы бес политехникалық университеті арасында тиісті шартқа қол қойылды.    

2014 жылғы әлеуметтік сауалнама барысында анықталғандай, сингапурлық компаниялардың 40%-нда халықаралық тәжірибесі бар кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. 

Осыған орай, шет елдік кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтетін студенттер мен мамандықтар санын арттыру туралы шешім қабылданды.          

Студенттер Аустралия, Германия, ҚХР мен АҚШ-тың ірі компанияларында 3-тен 22 аптаға дейінгі ұзақтықпен тағлымдамадан өтеді.  

Таңғы астың оқушылардың үлгеріміне ықпалы анықталды  

The Telegraph, 17.11.2015

Кардифф университетінің зерттеулеріне сәйкес, таңғы ас уэльстік оқушылардың үлгерімін арттырады. 

Сауалнама 100 британдық бастауыш мектептің 9 - 11 жастағы 5 мың оқушы арасында өткізілді. Зерттеушілер 6-18 ай бойы оқушылардың үлгеріміндегі өзгерістерді бақылады.     

Зерттеушілердің пікірі бойынша, таңғы уақытта дұрыс тамақтану балалар денсаулығының жалпы жағдайына, сондай-ақ олардың сабақ кезінде назар шоғырландыруға оң әсер етеді.   

Тұтынатын тамақтың сапасы да маңызды рөл ойнайды. Таңғы ас кезінде құнарсыз тамақты (тәттілер, чипсы (қытырлақ картоп) және т.б.) тұтыну оқушының оқу жетістіктеріне оң әсер етпейді. Әр бесінші оқушы таңғы асқа құнарсыз тамақты тұтынады.  

Ағымдағы жылы ертеректе мектептің 900 мұғалімі арасында өткізілген сауалнама көрсеткендей, таңғы ас ішпейтін немесе құнарсыз тамақты тұтынатын балалардың белсенділігі төмен және сабақта зейіні әлсіз. 

Анықтама үшін: Қазіргі уақытта Ұлыбритания мектептерінің 85%-нда 14 жасқа дейінгі балаларға тегін таңғы ас беріледі. Соңғы 2 жылда Үкімет әлеуметтік-осал топтың балалары көбірек шоғырланған 184 астам мектепте тегін тамақтануды ұсыну үшін £1,1 млн. астам қаражат бөлді.      

КЕҢЕС ҮКІМЕТІНЕН КЕЙІНГІ КЕҢІСТІК ЕЛДЕРІНІҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ  

Ресейде Білім беру сапасын бағалаудың Федералды институты құрылды  

РАА Жаңалықтары, 19.11.2015

Ресейде Білім беру сапасын бағалаудың Федералды институты құрылды (БСБФИ). Мақсаты – білім беру сапасын бағалау жұмысын жаңа деңгейге көтеру, үздік үйлестіруді және жүргізілетін зерттеулердң барынша объективтілігін қамтамасыз ету. 

Жаңа құрылым білім беру сапасын мониторигілеумен, білім беру мекемелерінің тиімділігін бағалау және кәсіптік білім беру саласындағы зерттеулермен, РФ субъектілеріндегі тестілеу орталықтарын ақпараттық және әдістемелік сүйемелдеу, білім беру жетістіктерін диагностикалау рәсімдерімен, халықаралық салыстырмалы зерттеулер өткізумен айналысады.  

БСБФИ базасында білім беру сапасын бағалаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды, барлық деңгейлерде сапаны бағалаудың көрсеткіштері мен индикаторлардың бірыңғай жүйесін әзірлеуді, сондай-ақ мониторингтік зерттеулерді өткізу үшін өлшеу материалдарының банкін қалыптастыру және дамыту жоспарланған.  

Анықтама үшін: БСБФИ «Талдаудың ақпараттық-әдістемелік орталығы» ведомстволық бағынысты Білім мен ғылым саласындағы қадағалау жөніндегі РФ Федералды қызметінің базасында құрылған. 

БРИКС елдері Желілік университет құруды ойластыруда

РАА Жаңалықтары, 18.11.2015

БРИКС Білім министрлері ынтымақтастықты арттыру және Желілік университет құру туралы Мәскеу декларациясына қол қойды.   Мақсаты – академиялық мобильдік пен қос диплом тұжырымдамасында бірыңғай зерттеу және білім беру кеңістігін қалыптастыру. Бастапқыда оның құрамына әр елден 10 жоғары оқу орны кіреді. Жұмыс тілдері – орыс, ағылшын және қытай тілдері болады. Университеттің дипломы БРИКС елдерінің аумағында жарамды болады.    

Басым бағыттары – энергетика, экономика, компьютер ғылымдары және ақпараттық қауіпсіздік, экология мен климаттың өзгеруі, су ресурстары.  

Анықтама үшін: БРИКС – Бразилия, РФ, Үндістан, ҚХР және ОАР-дың бейресми мемлекетаралық бірлестігі. БРИКС елдері халықтарының жалпы саны – 2,83 млрд. адам (жалпыәлемдік халық санынан 42%).

Латвия алты жастан басталатын мектептегі оқытуға көшуді жоспарлауда  

REGNUM АА, 20.11.2015

Латвияның Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуі бойынша, елде 6 жастағы балалар үшін мектептегі оқытуды енгізу жоспарланған. Жаңашылдықты 2017-2018 оқу жылынан бастап енгізу күтілуде.     

Сонымен бірге, ағымдағы жылдың сәуір айында өткізілген әлеуметтік сауалнама барысында респонденттердің 45%-ы алты жастан басталатын міндетті білім беруге көшу идеясын жағымсыз бағалайды. Оң пікірді респонденттердің 36%-ы білдірді.  


Дайджестті әзірлегендер: Н.Черкашина, Е.Коротких,

Д.Ташибаева, Д.Алимханова