You are here

ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ТЕСТ ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАУ КӨРСЕТКІШТЕРІНІҢ САПАЛЫҚ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАМАСЫ

Printer-friendly versionPDF version

Астана, 2015 жылдың 10 тамызында ҚР БҒМ «Ақпараттық-талдау орталық» АҚ Орта білімді дамыту департаменті «Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелеріне талдау» талдамалы жинағын әзірледі. Сарапшылар жыл сайынғы ҰБТ өткізу тәжірибесі қазақстандық білім беру үрдісін модернизациялау саласындағы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу ісінде маңызды рөл атқаратындығын атап көрсетіп отыр. Талдамалы жинақ материалдары жалпы білім беру пәндері бойынша, өңірлер кесімінде және екі жылдық көрсеткіш негізіндегі тестілеу нәтижелеріне салыстырмалы талдау жүргізу аспектілері бойынша ҰБТ-2015 нәтижелері туралы берілген статистикалық деректерден тұрады.

Талдау жалпы білім беру мектептері түлектерін дайындау деңгейі мен сапасының негізгі тенденцияларын және білім беру үрдісін жетілдірудің мүмкін жолдарын анықтауға бағытталған. ҰБТ-2015 нәтижелеріне талдау жүргізу және интерпретациялау Ұлттық тестілеу орталығы тарапынан ұсынылған деректер негізінде жүргізілді.

Жинақта дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары түлектерінің тест тапсырмаларын орындау көрсеткіштеріне алғаш рет сапалық салыстырмалы талдау жұмыстары жүргізілген. Ұсынылып отырған мәнмәтін мамандандырылған оқу бағдарламалары бойынша (элитарлық білім беру) білім алып жатқан мектеп оқушыларының оқу жетістіктерін анағұрлым объективті тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді.

ҰБТ-2015 процедурасына 111 мамандандырылған білім беру ұйымының (барлығы 121 мектеп) 4 171 түлегі қатысқандығын атап өтуге болады. Өңірлік аспект тұрғысынан қарастырғанда, тестілеуге қатысқан мектептердің жалпы санына шаққандағы басымдық Алматы және Астана қалалары, сондай-ақ Павлодар облысының үлесіне тиесілі болып отыр. Сарапшылар айтып өткендей, мектептердің бұл санаты мамандану пәндері бойынша қосымша оқу жүктемесінің болуымен ерекшеленеді, бұл мектеп оқушыларының білім деңгейіне және ҰБТ нәтижелілігіне өз септігін тигізіп отыр. Сонымен, түлектердің орташа ұпай көрсеткіші 95,99 құраған, бұл республикалық көрсеткіштен 16,57 ұпайға жоғары. Ең жоғары нәтиже Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының еншісіне тиіп отыр.  - Әскери, спорттық, музыкалық бағытта мамандандырылған мектептердің оқушылары тестілік тапсырмаларды біршама төмендеу орындаған,- деп көрсетеді сарапшылар осы жинақта.

Сонымен, ең төменгі ұпай көрсеткіші Талдықорған қаласының спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында тіркелген, аталмыш мектептің 32 түлегі (59,3%) 50-ден кем ұпай алған.

Сонымен қатар, ел бойынша тіркелген орташа ұпай көрсеткішінен төмен нәтижеге ие болған 11 мектеп анықталып отыр. Төмен нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдарының қатарында 4 мамандандырылған мектеп бар, оларда мектеп түлектерінің жартысы және одан да көп мөлшері 0-ден бастап 49-ға дейінгі аралықтағы көрсеткіштерге ие болған. Осындай нәтиже көрсеткен түлектердің ең көп саны Семей қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы дарынды балаларға арналған «Жас ұлан» мектеп-лицей интернатында тіркеліп отыр (30 адамның 20-сы).

Жалпы алғанда, ҰБТ-2015 процедурасына республикамыздың 4 992 мектебінің 83 262 түлегі (жалпы санның 66,9%) қатысыпты. Берілген көрсеткіш 2014 жылғы контингенттен төмен екендігін атап өтпеске болмайды (-2%). Сарапшылар тестілеуге қатысушылар үлесінің азаюын халықаралық олимпиадаларға қатысқан түлектер санының көбейіп келе жатқандығымен байланыстырады. – Келесі бір себебі оқушылардың жақын және алыс шетелдердің ЖОО оқуға түсуі болып отыр, онда ҰБТ тапсырғандығы туралы сертификаттың қажет еместігі белгілі, - дейді олар.

Бұл ретте, ҰБТ өткізу орындарының саны 10 бірлікке артқан, бұл ауылды жерлердегі оқушылардың тест тапсыруға қолжетімділік аясының кеңейе түскендігін көрсетеді (2014 – 155, 2015 – 165 бірл.).

Тестілеуге қатысушылардың жалпы қорытындысы 79,42 ұпайды құрап отыр, бұл 2014 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда  2,5 ұпайға жоғары. Өткен төрт жыл бойынша түлектердің  тестілеу нәтижелеріне жасалған салыстырмалы талдау орташа ұпай көрсеткішінің бірте-бірте өсіп келе жатқандығын аңғартады, бұл оқытудың тиімді білім беру технологияларын табысты жүзеге асыру және оқушыларды тестілеу дайындау мотивациясының жоғары деңгейде болуымен байланысты.

2011-2015 жылдардағы ҰБТ орташа ұпай көрсеткішінің динамикасы

Тестілеу қорытындысы бойынша ең үздік көрсеткіш көрсеткен Алматы (92,1 ұпай) және Астана (86,7 ұпай) қалалары болып отыр.

Ең төменгі орташа ұпайды қатысушылар саны жағынан аса жоғары көрсеткіш (73,2%) көрсетіп отырған Атырау облысының түлектері алды отыр (61,01 балла).

Сарапшылардың пікірінше, ең жоғары/ ең төменгі ұпай көрсеткіштеріне ие болған білім беру ұйымдары арасында тестілеу нәтижелерін  өзара салыстыру мектептердің дифференциациясы үшін емес, атқарушы органдардың бұл көрсеткіштерді мектептердегі оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігін арттыру және түлектерді тестілеуге дайындау сапасын жетілдіру мақсатында қандай да бір шаралар қолдану үрдісінде пайдаланылуы тиіс.

«Алтын белгі» белгісін растаушы түлектердің үлесі үміткер 4 397 адамның ішінде  44,5% құрап отыр.

Максималды мүмкін 125 ұпайды 5 түлек (2014 - 4), 100 ұпайдан жоғары – 14 467 түлек (17,4%) алып отыр.

Шектік ұпай көрсеткішін орындай алмаушылардың қатарында 12% ауылды жерлердің және  7% қала мектептерінен қатысқан қатысушылар бар.

Ауыл мектептері түлектерінің орташа ұпайы қалалықтардан 7,35 ұпайға төмен.

Тест тапсырмаларын орындаудың ең жоғарғы сапа көрсеткіші «Қазақ тілі» пәні бойынша анықталса (84,18%), ең төменгісі - «Математика» пәні бойынша анықталды (62,02).

Түлектердің 33% астамы бейінді пән ретінде  «Биологияны» таңдаған; таңдау пәндерінің арасында аса қажеттілері болып – «Француз тілі» алынып отыр (0,02%).

Ең нәтижелі таңдау пәні ретінде «Неміс тілін» атап өтуге болады (18,96 бал).

Сарапшылар орта білім деңгейін арттыру үшін үлгерімі нашар оқушыларға және әлеуметтік тұрмыс қауқары төмен отбасының балаларына көп көңіл бөліну қажеттігін тілге тиек етеді. Сондай-ақ, мектептердің материалдық-техникалық базасы да, кітапхана қорының жабдықталу деңгейі де және ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен жабдықталу көрсеткіші де әсер етпей қоймайды.

ҰБТ процедурасындағы оң өзгерістер ретінде мыналарды атап көрсетуге болады. Біріншіден, тестілеу нәтижелері туралы көпшілікті дер кезінде ақпараттандыру үшін алғаш рет АКТ-технологиялар пайдаланылды: ҰБТ ұпайлары онлайн-режімде қолжетімді болды. Екіншіден, ағымдағы оқу жылынан бастап түлектердің мектеп бітіру туралы аттестаттарына пән бойынша алған бағасы мен ҰБТ-дан алған ұпайының орташа арифметикалық мәні қойылатын болды (бұған дейін аттестатқа баға тек ҰБТ ұпайларының негізінде ғана қойылатын), бұл мектеп оқушыларының білімін әділ бағалаудың бір көрсеткіші деп есептеуге болады. Үшіншіден, өңірлерді тестілеуге дайындау сапасын бағалаудың жаңа қадамдары жүзеге асырылды: егер бұған дейін тек орташа ұпай ғана есепке алынатын болса, биылғы жылы ҰБТ композиттік индексі әзірленді, ол үш коэффициентті қамтыды: қатысу коэффициенті, ереже бұзушылық коэффициенті және орташа ұпай коэффициенті.