You are here

Елбасы Жолдауы аясында

Printer-friendly versionPDF version

Саймасаева Гаухар Айтжанқызы

«Алматыкітап баспасы» баспасының президенті,

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері

 

 

Елбасы Жолдауы аясында

 

ҚР Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың «Нурлы жол» Жолдауы – бұл тек экономикалық саясат қана емес, әлеуметтік салаға жасалған қолдау. Президент Қазақстан халқына Жолдауында: «Білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларының жұмысы жалғасын табады» деп атап өткен болатын. Бұл ел тұрғындары, әсіресе, ауылда тұратын отбасылар үшін өте маңызды. Әлеуметтік инфрақұрылым, яғни медициналық мекемелер, мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдар одан әрі дами беретіні сөзсіз.

Елбасымыз жылдар бойы өзінің әрбір Жолдауы мен халық алдында жасаған баяндамаларында балабақшалардың дамуын басты назарда ұстап келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы 2004 жылғы 19 наурыздағы «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін!» Жолдауында «балабақшалар жүйесін қалпына келтіру және толыққанды мектепке дейінгі білімді қалыптастыруға кірісуді» тапсырды. 2004 жылғы мамыр айындағы шетелдік инвесторлар мен ірі құрылыс компаниялары жетекшілерінің Астанада өткен кездесуіде Президент инвесторларға: «Муниципалды балабақшаларды көбірек салу керек және бұл жұмысқа бизнесмендерді тарту керек» деген үндеу тастады. 2004 жылғы қазан айында өткен Білім және ғылым қызметкерлерінің III съезінде Елбасы «мектепке дейінгі білімді, әсіресе аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін барынша қолжетімді етуіміз керек» деп атап өтті. 2010 жылғы қаңтар айында Президент үкімет пен әкімдерге балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша «Балапан» арнайы бағдарламасын жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. «2020 жылға қарай қалалық және ауылдық жерлердегі балалардың бәрі мектепке дейінгі оқыту және тәрбиемен қамтылуы керек. Бізде ол үшін барлық мүмкіндік бар, әлеуетіміз жоғары, мемлекеттік-жеке меншік әріптстік – бәрі бар», - деп еске салды Нұрсұлтан Әбішұлы.

Осы мысалдарды ескере отырып, Елбасы қамқорлығының арқасында мектепке дейінгі тәрбие жүйесін қалыптастыра алғанымызға көз жеткізе түсеміз. Бүгінде елімізде 8 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейді, оларға мектепке дейінгі жастағы балалардың шамамен 70 пайызы барады. Шетелдік ғалым-педагогтар да осындай баға беріп отыр. Осы салада жүрген әлемдегі ең үздік сарапшылардың бірі, Мектепке дейінгі білімнің халықаралық қауымдастығының президенті, психология ғылымдарының докторы, профессор Владимир Кудрявцев: «Қазақстан алдағы жылдары мектепке дейінгі білім жүйесі құлдырағанын мойындап, оны «басынан бастап» қайта қалыптастыру міндетін қоюға қорыққан жоқ. Оның үстіне, бұл жоғарғы мемлекеттік деңгейде жүргізілді. Және тек Ресей Федерация Білім және ғылым министрлігі үшін ғана жақсы үлгі емес... Осы сынды мәселелерді Президент Н.Ә. Назарбаев басты назарда ұстайды».

Елбасы «Нұрлы жол» атты кезекті Жолдауында мектепке дейінгі ұйымдардағы орындар тапшылығын барынша азайтуды тапсырды. Ол үшін Президент 20 млрд. теңге қосымша қаражат бөлуді бұйырды. Демек, көп ұзамай ондаған балабақша ашылады деген сөз. Бұл балабақшаларды ашу барысында жергілікті органдар мектепке дейінгі осы мекемелерде жұмыс істейтін тәрбиешілер мен меңгерушілердің кәсіби деңгейін де назардан тыс қалдырмауы шарт.

Дұрыс іріктеу жасайтын, білімді жетілдіретін, әсіресе «Балапан» бағдарламасының аясында Президент балабақшалар жұмысшыларын тағайындау және аттестациялау жүйесін жасап шығаратын уақыт жетті. Педагогтарды ашық тестілеу мен сұхбат арқылы іріктеп алған дұрыс, соның арқасында олардың ой-өрісін, кәсіби белсенділігін және қаншалықты ақпараттанғанын анықтауға болады. Себебі, жас ұрпақтың бүгіні мен болашағы балабақшада олармен кімнің жұмыс істегеніне байланысты. Бүгінде дәл мектепке дейінгі ұйымдағы педагогтар балалардың дамуына, олардың ары қарайғы мектепте озат оқуына, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына жол салады. Ал балабақшаға кәсіби деңгейі жоғары тәрбиешілер келу үшін оларға еңбекақы төлеу жүйесін өзгерту керек. Олардың жалақысы еліміздегі орташа жалақымен сәйкес келетіндей болуы шарт.

Балабақшаға тек әйел адамдарды ғана емес, ер азаматтарды да тарту қажет. Бұл баланың мақсатты түрде дамуына ықпал етеді. Мысалға, Норвегияда әр балабақша тобында тәрбиешілер арасында міндетті түрде тым болмаса бір ер адам болуы керек (мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлрінің 20%-ы жас жігіттер). Швецияда балабақша мен мектептердегі оқу-тәрбие процесіне қатысатын ер мұғалімдердің үлесі 40% кем болмауы тиіс. Әйтпесе, тәрбие процесі толыққанды болмайды деп есептеледі. Гамбургте барлық жерге мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиешілер қатарына ер азаматтарды тартуға үндейтін үлкен банерлер ілініп тасталған. «Арбитр, фило­соф, қақпашы, емші, музыкант, сиқыршы болғыңыз келе ме?» – деп жазылған плакаттағы жазуда. Ал төменгі жағында бұл сұрққа жауап берілген: «Тәрбиеші бол. Сонда кез келген уақытта өзіңіз қалаған мамандықтың иесі боласыз» деп жазылған. Жапонияда тәрбиешілер арасындағы ер азаматтар штаттағы қызметкерлердің 25% құрайды. Қазіргі кезде Қытайда да балабақшаға ер азаматтарды тартуға қатысты насихат жүріп жатыр, ер азаматтар арасыннан кадр даярлауға көңіл бөлінуде. Балаларға ағылшын тілін үйрету үшін шетелдік ер педагогтарды қабылдауда. Ресейде ер азаматтар арасынан шыққан тәрбиешілер «Жыл тәрбиешісі» кәсіби байқауының қатысушылары мен жеңімпаздарына айналады.

Тәрбиеші мамандығын насихаттауда БАҚ та белсене араласу керектігі анық. Мектепке дейінгі педагогтың өз кәсіби қызметіне, мақсаты мен мағынасына, баланың ерте дамуы мәселелерін шешу процесіне және оның нәтижесіне жауаптылықпен, құндылық тұрғысынан қарауын сипаттайтын бағдарламалар сериясы, арнайы мақалалар, очерктер, көркем және деректі фильмдер керек. Мектепке дейінгі педагогтар әулетін және үздік кәсіби тәрбиешілер тәжірибесін насихаттаған абзал. Сондай-ақ, мектептің жоғарғы сыныптарында, педагогикалық жоғарғы оқу орындарында және колледждерде саналы түрде жастарды тарту үшін, әсіресе мектепке дейінгі педагогтар мамандығына жасөспірімдерді шақыру үшін мақсатты түрде үгіт жүргізу қажет.

Мектепке дейінгі педагогтардың мәртебесін көтерудегі тағы бір маңызды фактор – Мектепке дейінгі қызметкер күнін бекіту. Дегенмен, мектепке дейінгі педагогтардың кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні бар болып есептелгенмен, тәжірибе көрсеткендей, бұл күні балабақша жұмысшылары көп жағдайда ұмыт қалады. Социумның барлық назары мектепке ауады, себебі қоғамдық санада орта мектеп мұғалімдері мен мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілері бір мамандықтың иегерлрі болып қабылданбайды. Мектепке дейінгі қызметкер күні өзінше бір әлеуметтік мінберге айналып кетуі мүмкін. Қарапайым халық, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мектепке дейінгі білім және балабақша мәселелері туралы, тәрбиешілер жұмысының қиындығы жайлы айтатын болады. Тым болмаса жылына бір рет бүкіл қоғамның назары біздің азаматтардың өскелең ұрпағының дамуы мен қалыптасуында маңызды рөл атқаратын қарапайым тәрбиешіге ауатын болса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

27 қыркүйектен бастап Реесейде Мектепке дейінгі қызметкер күні кәсіби мереке ретінде атап өтілуде. 1863 жылы осы күні Петербургте Ресейдегі ең алғашқы балабақша ашылған болатын. Ал осыған ұқсас мейрамды Қазақстанда 1 тамызға бекітуге болады. Себебі, сонау 1920 жылдың тамыз айында Ақмола қаласында алғашқы қазақ балабақшасы ашылды. Немесе Қазақстанның мектепке дейінгі білімді ұйымдастыршылардың бірі, осы тақырыпқа арналған «Мектепке дейінгі тәрбие» (1923) және «Ана мен бала» (1927) алғашқы қазақстандық кітаптардың авторы Назипа Сегізбаева Құлжанқызының (1887-1933) туған күні, яғни 27 шілде күнін алуға болады.

Біз өз кезегімізде балаларға арналған, оқу және мектепке дейінгі әдебиет шығаратын баспа ретінде мүмкіндігіміз келгенше, мектепке дейнігі педагогтар мәртебесін қолдауға, балабақшаларға, тәрбиешілер мен ата-аналарға жаңа әрі қызықты кітаптар, оқу құралы мен әдістемелер шығарып көмектесуге тырысатын боламыз. Биылғы жылдың өзінде біз мектепке дейінгі мекемелер үшін «Алғашқы қадам», «Зерек бала» және «Біз мектепке барамыз» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жүздеген әр түрлі оқу-әдістемелік кешендер жасалды. Олардың авторлары – тәрбиленуші-практиктер, балабақша меңгерушілері, мектепке дейінгі білімге маманданған ғалымдар және біздің сыйлы әріптестріміз, кеңесшілеріміз және шабыт берушіміз болып табылатын басқа да педагогтар.

Осылайша, Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол» Жолдауындағы мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерге қатысты нақты тапсырмалары Қазақстанның баспаларын да шығармашылық жұмысына қозғау салып, мультипликативтік жағынан да ықпал етуде. Себебі, отандық баспалар өнімдерінің басым көпшілігі мектепке дейінгіден бастап барлық деңгейдегі білім ұйымдарына бағытталған. Ал әдебиетіміздің қажеттілігі кітап басып шығару саласындағы мыңдаған жұмысшылардың ауқаттылығын, тұрақтылығын, жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді.