You are here

Ерте жастағы балаларға білім беру және күтім жасау жөніндегі ЭЫДҰ қоғамдастығының 17-мәжілісі

Printer-friendly versionPDF version

Париж, 2015 ж. 7 мамыр

2015 жылғы 4–7 мамыр аралығында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Ерте жастағы балаларға білім беру және күтім жасау қауымдастығының 17-мәжілісі өтті. Мәжіліске 30 елдің делегаттары, Еурокомиссия, ЮНИСЕФ және ЮНЕСКО өкілдері қатысты. ЭЫДҰ-ның серіктес-мемлекеттері ретінде Сингапур, Ресей, Қазақстан және Литва қатысты.

ЭЫДҰ-ның бұл қоғамдастығы мемлекеттердің мектепке дейінгі тәрбие және оқыту (МТО) саласындағы саясаты мен іс-тәжірибелерінің тиімділігін арттыру талпыныстарын қолдау үшін 2007 жылы құрылды. Оның дәстүрлі кездесулері жылына 2 рет өткізіледі.

Биылғы жылы Қоғамдастық мәжілісінің тақырыбы «Ерте жастағы балаларға білім беру және күтім жасау ісінің ықпалын күшейту» деп аталған. Қоғамдастықтың пікіріне сай мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейінің және салаға бөлінетін мемлекеттік инвестициялардың артуына қарамастан, әлі күнге дейін бала дамуына септігін тигізетін көптеген жағдайлар туралы толыққанды әрі салыстырмалы деректер жоқтың қасы. Көкейкесті сауалдарға жауап табу үшін Қоғамдастық мемлекеттердің сұратуы бойынша МТО саясаты мен оның жеке бағыттарына елдік шолулар жүргізеді. Бұған қоса, алдағы жылдары мынадай зерттеулер жоспарланған:

– «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру сабақтастығын қамтамасыз ету саясаты мен іс-тәжірибесіне шолу» (2015–2016 жж.);

– «Ерте жастағы балаларды оқыту мен даму жүйесінің кадрлық құрамын халықаралық зерттеу» (2015–2019 жж.);

– «Ерте жастан оқыту нәтижелерін өлшеу жөніндегі халықаралық зерттеу» (2015–2016 жж.).

«Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ ЭЫДҰ-ның ерте жастан білім беру мен күтім жасау жөніндегі зерттеуін жүргізудің ұлттық үйлестірушісі болғандықтан, мәжіліске Қазақстан атынан қатысты. Орталықтың Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиені дамыту департаментінің директоры Е.Б. Нұрланов қатысушыларды ұлттық МТО жүйесінен хабардар етіп, жоспарланған зерттеулер әдіснамасы бойынша ұсыныстар айтты. Қоғамдастық секретариаты өкілдерімен өткен арнайы кездесуде тараптар ұйымның 2013–2014 жылдары Қазақстанмен өткізген жұмысының қорытындыларын қарап, еліміздің жоспарлы зерттеулерге қатысу шарттарын талқылады.