You are here

ЭЫДҰ Халықаралық TALIS-2018 зерттеуінің алғашқы нәтижелерін жариялады

Printer-friendly versionPDF version

2019 жылдың 19-шы маусымында ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы) «Мұғалімдер және мектеп директорлары− өмір бойы білім алушылар» атты халықаралық есептің бірінші томын жариялады.

Халықаралық есептің бірінші томында мұғалімдердің сыныптың құрамдық сипаттамасы мен мектептің жағдайына байланысты өз білімі мен біліктілігін сабақта қалай қолданатыны қаралады. Сондай-ақ, мұғалімнің кәсіби даярлығы және біліктілігін дамытуы бағаланады.

Қазақстанның кейбір негізгі нәтижелері

Демографиялық сипаттамалары

Қазақстандық мұғалімдердің орташа жасы 41 жылға, ал директорлардың− 48 жылға тең. Қазақстан мұғалімдерінің көп бөлігі (54%) 36 мен 49  жас аралығында, ал 30 жасқа толмаған мұғалімдер 18,4%-ды құрады. Ал 50 жасқа толған және 50 жастан асқан мұғалімдердің үлесі 27%-ды құрайды (ЭЫДҰ елдерінде − 34%).  Бұл таяудағы он жыл ішінде Қазақстан мұғалімдер құрамының төрттен бір бөлігін жаңартуы қажет екендігін білдіреді.

Қазақстанда мұғалімдердің 76%-ын әйелдер құрайды (ЭЫДҰ елдерінде − 68%). Әйел мұғалімдердің үлесі ауылдық мектептерге қарағанда қала мектептерінде көбірек. Ауылдық жерде әйелдер мұғалімдер құрамынын 71%-ын құраса, ал қалалық (халық саны 100 000 тұрғыннан асатын) жерлерде олардың үлесі 83%-ға дейін жетеді.

Қазақстанда әйелдердің үлесі директор лауазымына қарағанда, мұғалім лауазымында басымырақ. Мектеп директоры лауазымында әйелдер тек 53%-ды құраcа, мұғалім лауазымында олардың үлесі 73%-ға тең. ЭЫДҰ елдерінде әйелдердің 47%-ы мектеп директорлары болса, 68%-ы мұғалімдер.

Қазақстандық мұғалімдерінің 75%-ы үшін кәсіп таңдауда мұғалім мамандығы бірінші орында тұрды (ЭЫДҰ елдерінде 67%). Мұғалім мамандығын таңдаудың негізгі себептері ретінде қазақстандық мұғалімдердің 93%-ы балалар мен жастардың және қоғамның дамуына үлес қосуға ықпал ету мүмкіндігін атады. 

Білімі

Мұғалімдердің басым бөлігі− жоғары білімді мамандар. Бірақ магистр дәрежесі бар мұғалімдердің үлесі тек 3,5%-ы құрайды (ЭЫДҰ елдерінде – 44,2%).

Магистр дәрежесіне ие директорлардың үлесі 6%-ы құрайды (ЭЫДҰ елдерінде – 63%). Қазақстанда PhD ғылыми дәрежесіне ие мұғалімдер мен директорлардың үлесі өте төмен (0,1% және 0,7% сәйкесінше), ал ЭЫДҰ елдерінде мұғалімдердің 1,3%-ында және директорлардың 3,5%-ында PhD дәрежесі бар.

Еңбек жағдайы

Қазақстандық мұғалімдердің бір апталық жұмыс уақыты орташа есеппен 48,8 сағатты құрады (оның ішінде 15 сағат сабақ беру мен оқытуға жұмсалады), ал ЭЫДҰ елдерінде орта есеппен 38,8 сағатты құрады (және 20 сағат). Қазақстандық мұғалімдер мектептен тыс іс-шараларға орта есеппен 3 сағат жұмсаса, ЭЫДҰ елдері мұғалімдері оған 1,7 сағат жұмсайды.

Қазақстан мұғалімдері үшін жалақыны көтеру мәселесі ең өзекті болып табылады.  Мұғалімдердің 96%-ы (74%-ы берліген сұрақты «өте маңызды» және 22%-ы «маңызды» деп санайды) жалақы мөлшері көтерілу керектігін қолдайды. Келесі кезекте сапалы кәсіби дамумен қамтамасыз ету (42,2%), мектеп ғимаратын және жабдықтарын жетілдіру (39,7%), және қосымша қызметкерлерді жалдау, мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайту (34,9%) сияқты мәселелер орналасты. Ал ЭЫДҰ елдері бойынша бірінші орында қосымша қызметкерлерді жалдау, мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайту (65,4% мұғалімдердің ойынша бұған өте жоғары мән берілуі керек дейді), сонымен қатар мұғалім жалақысын көтеру (64,2%) және мұғалімдерді сапалы кәсіби даму курстарымен қамтамасыз ету (54,8%) мәселелері орналасты.

Орта есеппен алғанда ЭЫДҰ елдерінде және Қазақстанда жас мұғалімдер әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасыдан шыққан оқушылардың үлесі жоғары мектептерде жұмыс істейді.

Кәсіби даму

Жалпы Қазақстандық мұғалімдердің кәсіби дамуына көңілдері толады. Мұғалімдердің 86%-ы кәсіби даму шараларына қатысулары олардың тәжірибесіне жақсы әсер еткенін мәлімдейді (орташа есеппен ЭЫДҰ елдерінде 82%). Мұғалімдердің 98%-ы (ЭЫДҰ елдері бойынша орта есеппен – 94%) және директорлардың 100%-ы (ЭЫДҰ елдері бойынша орта есеппен – 99%) зерттеуге қатысқанға дейінгі бір жыл ішінде кәсіби даму бойынша кем дегенде бір шараға қатысты.

Кәсіби даму барысында мұғалімдер өз әріптестерінің сабағын бақылайды және коучингке (94%), курстар мен семинарларға (89%), кәсіби дамуға байланысты мұғалімдердің бірлестігіне қатысады (78%), кәсіби әдебиетті оқиды (77,3%), конференцияларға (64,8%) және онлайн курстар мен семинарларға (60,8%), өзге мектептерге барады (62%) және т.б. іс-шаралар жүргізеді (54%).

Орташа есеппен алғанда қазақстандық мұғалімдер жаңартылған оқу бағдарламалары мен оқулықтарға байланысты (36,6%), критериалды бағалау (30,5%), оқытуда АКТ-ды қолдану (30,2%), оқушыларды бағалау әдістері (27,9%), пән мазмұны бойынша (21,8%) және өз пәнін оқыту әдістері (21,6%), үлгерімі төмен оқушыларды оқыту  (21,4%), оқушылардың тәртібін қадағалау және сыныпты басқару (21,4%), сонымен қатар, мұғалім мен ата-ананың, қамқоршылардың бірлесіп жұмыс жасауы (20,7%) бойынша кәсіби дамуды аса қажет деп белгіледі.

Кәсіби даму шараларына қатысу үшін TALIS-ке қатысушы мемлекеттердің мұғалімдерімен салыстырғанда қазақстандық мұғалімдер жағдайы жетілдірілген. Олар кәсіби даму шараларына көбірек қатысады және мектеп тарапынан қолдауға ие болғанын жиі хабарлайды. Қазақстандық мұғалімдердің орта есеппен 85,7%-ы (TALIS-ке қатысушы мемлекеттердің мұғалімдері орта есеппен 75%-ы) қолдаудың кем дегенде бір түріне ие болғанын айтады. Мұғалімдерге «сабақтан босату» (мұғалімдердің 68,7%-ы), «кәсіби дамуға қажет материалдармен қамтамасыз ету» (49,5%) және «жұмыстан тыс уақыттағы кәсіби даму үшін ақшалай емес сыйақылар» (30,9%) қолдаулар көрсетіледі.

Қазақстандық мұғалімдердің 70%-дан көбі тәлімгерлік бағдарламаларына қатысады: әрбір үшінші мұғалімнің (37,1%) тәлімгері бар және әрбір үшінші мұғалім  (37,5%) бір немесе бірнеше мұғалімдерге тәлімгер болып табылады.

Осылайша, халықаралық деңгейде қазақстандық мұғалімдердің біліктілігі және еңбек жағдайы, мектептердегі оқу ортасы  туралы сенімді деректер базасы пайда болды. Алынған ақпараттар білім беру саласындағы ұлттық саясатты әзірлеуде, басқарушылық шешімдерді қабылдауда, және мұғалімдердің қызметіне қатысты жаңа басымдықтарды қалыптастыруда өз ықпалын тигізуі тиіс.

Осы жылдың тамыз айында «TALIS мұғалімдер мен мектеп директорларының халықаралық зерттеуі: Қазақстанның алғашқы нәтижелері» атты Ұлттық баяндаманың бірінші томы  жарияланады. Онда қазақстандық мұғалімдердің жауаптары TALIS-ке қатысушы елдердің мұғалімдерінің жауаптарымен салыстырылады. Жарыққа шығатын Ұлттық есептің бірінші томында

  • мұғалімдер мен мектеп директорларының әлеуметтік-демографиялық сипаттамалары;
  • еңбек жағдайы және мамандығы мен жұмысына қанағаттану деңгейі;
  • мектептегі орта;
  • мұғалім мамандығын таңдау себептері;
  • кәсіби даярлық бағдарламаларының мазмұны және сабақ беруге дайындығы;
  • еңбек жолын жаңа бастаған кездегі еңбек жағдайлары;
  • қазіргі және қажетті кәсіби даму бағыттары;  мұғалімнің оқу үрдісін ұйымдастыруы;
  • сабақ беру үрдесіне жаңашылдықты енгізу;
  • мұғалімдердің кәсіби бірлестіктері және т.б.  тақырыптар тереңірек талданады.  

Сондай-ақ, зерттеу нәтижелері мұғалімдердің (жасы, жынысы, еңбек өтілі) және білім беру мекемелерінің (мектептің географиялық орналасуы, оқушылар құрамы) контекстік сипаттамалары арқылы талданады. Сауалнамаға енген ұлттық сұрақтар талданып, ұлттық страталар (облыстар қала/ауыл бойынша, мектеп түрлері бойынша, оқыту тілі бойынша) сарапталады.  Есеп, сонымен қатар, зерттеудің негізгі мәселелері бойынша әлемдік ең үздік тәжірибелер сараптамаларын қамтиды. Қорытынды бөлімінде оқыту және білім беру үрдістерін тиімді етуге арналған, педагогтардың жұмыс жағдайын жақсарту бойынша ұсынымдары берілетін болады.

Зерттеу нәтижелерімен ЭЫДҰ-ның ресми сайтында http://www.oecd.org/education/talis/ толығырақ танысуға болады.

Қазақстандық мұғалімдердің қатысуымен болған ЭЫДҰ-ның «How do teachers and school leaders respond to student diversity?», What are the most effective professional development activities for teachers and school leaders?» атты бейнебаяндарын көру үшін ЭЫДҰ-ның ресми Youtube арнасына өтіңіз.

https://www.youtube.com/user/EDUContact/videos  

Халықаралық TALIS тәлім беру мен оқыту зерттеуі мұғалімдер мен мектеп директорларына бағытталған әлемдегі ең ауқымды әрі беделді зерттеу болып табылады. ЭЫДҰ қатысушы елдердің педагог кадрларын дамыту және білім беру ортасын жақсарту мақсатында әртүрлі елдердің оқытушылары мен директорларынан ақпаратты әрбір 5 жыл сайын (2008 ж. – 24 ел, 2013 ж. – 34 ел, 2018 ж. – 48 ел) жинайды және халықаралық талдау жүргізеді.