You are here

Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі білімді жетілдірудің негізгі бағыттары

Printer-friendly versionPDF version

2015 жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Ақпараттық талдау орталығы» АҚ мен «Мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық орталығы бірлесіп «Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі білімді жетілдірудің негізгі бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің басқарма басшысы Ш.Сұлтанғазиева, «Ақпараттық талдау орталығы» АҚ вице-президенті М.Қамзолдаев, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) балалық шақты қорғау мәселесі бағдарламасының үйлестірушісі Т.Адерихина, облыстардың, Астана және Алматы қалалары Білім басқармаларының, мектепке дейінгі ұйымдардың, қоғамдық қауымдастықтардың және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелде Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты, Бірыңғай үлгілік оқыту бағдарламаның жобасы, ЮНИСЕФ Қазақстанда сынақтан өткізіп жатқан Баланы ерте дамыту индексі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зерттеуіне еліміздің қатысуы, мектепке дейінгі білімнің жаңарған мазмұнын іске асырудың психология-педагогикалық шарттары талқыланды.

Дөңгелек үстел қатысушылары өзекті мәселе болып отырған балалардың 0-ден 3–5 жасқа дейінгі психологиялық дамуына, эксперименталды алаң жағдайында стандарт талаптарын орындау ерекшеліктеріне, балалар мен тәрбиеленушілердің гаджеттерді пайдалануына баса назар аударды.

Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиені дамыту департаментінің директоры Е.Нұрланов қатысушыларға «Мектепке дейінгі ұйымдар түлектерінің мектепке дайындық сапасын бағалау» атты зерттеудің ғылыми аппаратымен таныстырып, оның гипотезасын және күтілетін нәтижесін талқылауға салды. Қатысушылар зерттеушілер көзқарасының дұрыстығын растап, «Ақпараттық талдау орталығы» АҚ-ның бұл ғылыми жобасына қатысуға қызығушылық білдірді.