You are here

PIRLS-2016 халықаралық зерттеуінің нәтижелері жарияланды

Printer-friendly versionPDF version

2017 жылдың 5 желтоқсанында Білім жетістіктерін бағалайтын халықаралық қауымдастық IEA 4-сынып оқушыларына арналған мәтінді оқу және түсіну сапасын бағалайтын PIRLS – 2016  халықаралық зерттеуінің нәтижелерін ресми түрде жариялады.  

 PIRLS (Progress in International Reading Literacy Study) 2001 жылдан бастап 5 жылда 1 рет Білім жетістіктерін бағалайтын халықаралық қауымдастықпен (IEA) 4-сынып оқушылары арасында өткізіледі. Бұл кезең балалардың оқу дағдыларын  дамытуда маңызды кезең болып саналады. Осы уақытқа дейін оқушылар негізгі мектепте мәтіндерді оқуларын сәтті жалғастыру мақсатында оқуды меңгеруі тиіс.

Зерттеуде әлемнің 50 елі бағын сынады. PIRLS қорытынды кестесінде көшбасшылық тізгінін ұстап тұрған – 581 ұпай нәтижесі бар Ресей мемлекеті. Үздік бестікке Сингапур, Гонконг, Ирландия, Финляндия елдері енді.

Біздің ел PIRLS зерттеуіне алғаш рет қатысты. Қазақстандық оқушылардың орташа ұпайы – 536 ұпайды құрады. Бұл Қазақстанға 50 ел арасынан 27 орынды иеленуге мүмкіндік берді. Бұл нәтиже Германия, Канада, Австрия және Словак Республикасы елдеріндегі қатарластарының көрсеткіштерімен салыстырмалы.

Әдеби мәтіндерге қарағанда, қазақстандық төртінші сынып оқушылары жоғары деңгейді ақпараттық мәтіндермен жұмыс жасау барысында көрсетті (544 ұпай және сәйкесінше 527).

Зерттеуге Қазақстан атынан 172 мектептің 4 925 төртінші сынып оқушылары қатысты. Одан басқа, сауалнамаға төртінші сынып оқушыларының ата-аналары, сынып жетекшілері мен мектеп директорлары қатысты.