You are here

Үш тілді білім беру мәселелері бойынша онлайн-семинар

Printer-friendly versionPDF version

Астанада, 2015 жылдың 20 тамызында – «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ «Зияткерлік ұлтты дамытудың факторы ретінде үш тілді білім беру» атты онлайн-семинар өткізді. Семинар Қазақстан халқы ассамблеясының жылына және Конституцияның 20 жылдығына орайластырылды.

Семинардың жұмысына орта және жоғары білімнің өкілдері, лингвистика саласындағы қазақстандық және шетелдік сарапшылар, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері қатысты.

Семинардың қатысушылары Қазақстанда көптілді саясаттың және тілдердің үш тұғырлығын одан әрі дамытудың өзекті мәселелері бойынша баяндамалар ұсынды.

«Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ Вице-президенті Марат Қамзолдаев өзінің құттықтау сөзінде үш тілді білу – адамның табыстылығын айқындайтын фактор» деп атап көрсетті. Оның айтуынша, ағылшын тілін үйренуге ерекше көңіл бөлген жөн, өйткені халықтың ағылшын тілін меңгеру деңгейі елдің экономикалық өсуіне ықпалын тигізеді.

Амстердам университетінің профессоры Ласло Марац Еуропаның политілді саясаты туралы баяндамамен сөз сөйледі. Профессордың айтуынша, әлемдегі аз қолданылатын тілдерге деген жеткіліксіз қызығушылық әлеуметтік теңсіздікке алып келеді.

ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ Ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу және әдістемелік қамтамасыз ету қызметінің басшысы Нұрбек Шаяхметовтің пікірінше, біздің еліміздің сөзсіз игілігі мәдениеттердің әртүрлілігі және тілдердің тең қолданылуы болып табылады.

ҚР БҒМ А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Анар Фазылжанова семинар қатысушыларының назарын үш тілді білім берудің мән-мәтініндегі мемлекеттік тіл мәселелеріне аударды. Сарапшының айтуынша, оқушылардың ғылыми санасы мемлекеттік тілде қалыптастырылуы тиіс.

Ұйғыр мектептері қауымдастығының төрағасы, А. Розыбақиев атындағы № 153 мектеп-гимназиясының директоры Шавкат Умаров ҰБТ түлектерінің нәтижелері негізінде өз мектебінің политілді оқытудың табысты тәжірибесін көрсетті.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ филология ғылымдарының кандидаты Майнұр Бөрібаева үш тілді білім беруді дамытудағы этномәдени бірлестіктер мен жексенбі күнгі мектептердің ерекше рөлін атап өтті.

Семинардың қорытындыларын жүргізу кезінде ашық пікірталастың өзектілігі және практикалық құндылығы, онлайн-технологияларды пайдалану жолымен осыған ұқсас іс-шараларды жалғастыру қажеттілігі атап көрсетілді.