You are here

Ауылдық мектептердің даму болашағы

Printer-friendly versionPDF version

«Ауылдың амандығы — елдің амандығы»

(Благополучие села – благополучие страны)

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев

 

2050 жылы[1] жер тұрғындарының саны 9 млрд. адамға жетеді. Жердің барлық тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылық секторының әлемдік өнімділігін 60%-ға арттыру қажет болады.

Қазақстан әлемдегі ең ірі дәнді дақылдар өндірушілердің бірі болып табылады. Алайда Қазақстанның ІЖӨ-індегі ауыл шаруашылығының үлесі 2014 жылы  4,4%[2] ғана құрады.  «Қазақстан-2050» стратегиясының аясында еліміздің ет, сүт және басқа да ауыл шаруашылық өнімдерінің ең ірі аймақтық экспорттаушысы болып қалыптасуы жоспарланған. Ел экономикасы үшін ауыл шаруашылығы басым салалардың бірі болып табылады. 

Ауыл шаруашылығы мен ауылды дамыту, сонымен қатар, тиімділігі ауыл шаруашылығы мен аграрлық секторды еңбек ресурстарымен қамтамасыз етуге едәуір ықпал ететін мектеп қызметімен де байланысты. Ауылдағы мектептердің негізгі сипаттамасы: географиялық тұрғыда оқшаулығы мен тұрғындарының төмен тығыздығы.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 5 495 (76,7%) ауылдық мектептер жұмыс жасап тұр, олар толық жинақты (42,5%)[3] және шағын жинақты (57,5%) мектептердің басым санынан құралады. Ауылдық жерлерде барлығы шамамен 1 311 мың (оқушылардың жалпы құрамының 48,1%-ы) бала білім алып жатыр.

Қазақстанда мектептер географиялық орналасуы бойынша жіктелінбейді. Мектептер елді мекендердің мәртебесі бойынша қалалық және ауылдық болып бөлінеді. Алайда ауылдық мектептер арасында елеулі айырмашылық бар, мысалы, аудандық орталықтағы және ауыл мектебі арасындағы айырмашылық. Сонымен қатар, бұл бірі - қала маңында, келесісі қала орталығында орналасқан қалалық мектептер арасында да байқалады.

Мектептің орналасқан орны – мектептің әлеуметтік-экономикалық мәртебесін анықтайтын факторлардың бірі. Негізінен балалар тұрған жерлеріне жақын орналасқан мектептерге барады.  Қала маңындағы мектептерге қалаға жақын жерде немесе қала маңында тұратын балалар барады. Қалалық және ауылдық,  толық жинақты және шағын жинақты мектептер болып бөлу мектептердің барлық көптүрлілігін толыққанды есепке алуға мүмкіндік бермейді.     

Мысалы, Австралия[4] мен АҚШ[5]-да мектептер қаладан қашық орналасуы мен  географиялық орналасуы бойынша жіктеледі. АҚШ-да мектептер қалалық, қала маңындағы, шағын қалалар мектептері мен ауылдық мектептер болып бөлінеді. Австралияда – астанада, облыстық маңызы бар қалаларда, ауылдарда және алыс елді мекендерде орналасқан мектеп болып бөлінеді.  Өңірлік орталықтан 1,5-3 сағаттық қашықтықтағы мектептер ауылдық мектептер, ал – 3 сағаттан астам жерде орналасқандары алыс мектептер болып саналады.

Гамбургте (ГФР) мектептің әлеуметтік индексі[6] әзірленді. Бұл индекс 1 – 6 дейінгі шкаладан тұрады. Ең төмен шкала – 1 – мектептің төмен әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне сәйкес келеді, ал ең жоғарғы шкала – 6 – қолайлы жағдай жасалынған мектепке беріледі. Бұл мәртебені әзірлеу үшін ата-аналар мен оқушылардан сауалнама алынады, сонымен қатар статистика басқармасының (жұмыссыздар, жәрдемақы алушылар үлесі, сайлауға қатысу) деректері пайдаланылады. Осы индекске сәйкес мектептер түрлі қажеттіліктерге қосымша қаражат түрінде арнайы қолдауға ие болады.

Қазақстандық мектептер толымдылығында айырмашылықтар байқалады. Қала орталығында әдетте мектептер асыра толтырылған (жобалық қуаты 1200 болғанда 2500 дейін жетеді). Ал қала маңындағы мектептерде аудандық орталықтардағы мектептерде сияқты (жобалық қуаты 1000 болғанда) 700-800 оқушы оқиды. Оқушылардың құрамы жоғары болған сайын мектептегі криминогенді жайт та жоғары болатындығы дәлелденген. АҚШ-та жүргізілген зерттеулер нәтижелері бойынша криминалды инциденттердің: 38% шағын, 60% орта және 89% үлкен мектептерде болып жатады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, мектеп келесі көлемді болуы керек: бастауыш – 300-400, негізгі – 300-600, жоғарғы – 400-800 адам[7].

ЭЫДҰ[8] деректері бойынша білім беру ортасы, мектеп ғимараты балалардың үлгеріміне ықпал етеді. Температура, желдеткіш және қауіпсіздік сияқты факторлар – білім беру процесінің бастапқы шарттары болып табылады. Білім беру ортасының сапасы оқушылардың үлгерімін 25%[9]-ға дейін арттыруы мүмкін. Қазақстандағы ауылдық шағын жинақты мектептердің 42,5%-ы бейімделген ғимараттарда орналасқан. Ал мектептердің 28,2%-да тасып әкелінетін су пайдаланылады. Ауылдағы мектептердің 56%-да ауладағы дәретхана ғана бар. Ауылдағы мектептердің 10,3%-ы пешпен жылытылады. 

Мектепте оқыту орталығының (США)[10] деректері бойынша ауылдағы мектептерде оқушылар мектеп бағдарламасын табысты аяқтайды, мұғалімдер пәндік проблемалармен аз соқтығысады. 

Бірақ ауылдық және шағын жинақты, қала маңындағы және қаладағы мектептердің үлгерім көрсеткіштері ерекшеленеді. PISA зерттеулерінде мектеп оқушыларының нәтижелерін мектептің орналасуы бойынша бес санатқа бөледі: мегаполис (1 млн. астам тұрғыны бар), қала (тұрғындар саны 100 мыңнан 1 млн. дейін), шағын қала (тұрғындар саны 15 мыңнан 100 мыңға дейін), қала типтес ауыл (тұрғындар саны 3 мыңнан 15 мыңға дейін) және ауыл (тұрғындар саны 3 мыңнан аз)[11].

Ауылдағы және қаладағы мектеп оқушыларының нәтижелерін салыстыру орта балдың шағын елді мекеннен мегаполистің пайдасына біртіндеп өсуін байқатады, және бұл үрдіс сонымен қатар дамыған елдерде де байқалады. Қазақстандағы ауыл мен мегаполис оқушыларының арасындағы математика бойынша айырмашылық 25 балға тең, ЭЫДҰ елдері бойынша орташа алғанда  – 32 балл. Егер оқушының әлеуметтік-экономикалық мәртебесін есепке алатын болсақ, онда Қазақстандағы ауылдық және қалалық мектептердің оқушыларының арасындағы айырмашылық – 11 балды құрайды, ЭЫДҰ елдерінде – 13 балл[12]. Сонымен қатар, Қазақстан мен ЭЫДҰ қалалық мектептерінің арасында 55 балл айырмашылық бар, ал ауылдық мектептер арасындағы айырмашылық – 48 балл.

Үлгерімдегі айырмашылықты сонымен қатар ұлттық тестілеу нәтижелері де көрсетіп отыр. 9 сынып оқушыларының оқу жетістіктерін сырттай бағалау қорытындылары бойынша ауылдағы мектеп оқушылары қаладағы қатарластарынан 4 балға  (39,23/35,42)[13] артта қалып отыр. Қаладағы мектеп оқушылары сонымен қатар ҰБТ бойынша[14] да алда келеді. 2015 жылы қаладағы мектептердің түлектері ауылдағы мектептердің оқушыларына қарағанда 7,35 балл артық жинады (83,02/75,67).

Қаладағы және ауылдағы мектептерді салыстырғанда, мұғалімдердің сапалық құрамын, инфрақұрылымды, қаржыландыруды, материалдық-техникалық базасын және т.б. есепке алу қажет болады.

Қазақстанда он мұғалімнің алтауы (61,6%) ауылдағы мектептерде жұмыс жасайды. Олардың тек қана 87,7% жоғары білімге ие, және 14% - жоғары санатты, қалада бұл көрсеткіштер барынша жоғары  – сәйкесінше 99,6% және 27%. ЭЫДҰ[15] деректері бойынша, орташа алғанда дамыған елдердің елді мекендерінде (15 мыңнан аз) мұғалімдердің 89,9%-ы жоғары немесе ЖОО кейінгі білімі бар. Қалаларда (тұрғындар саны 100 мыңнан астам) 92,2%-ында жоғары білімі бар.

Мүмкін, ауылдағы төмен көрсеткіштер біліктілікті арттырудың шектеулі мүмкіндіктеріне, географиялық қашықтығына, оқу материалдарының жетіспеушілігіне байланысты болар.  Бұдан басқа, көптеген ауылдық мектептерде педмамандардың жетіспеушілігі бар. Жыл сайын ауылдарға «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша жас педагогтар бағытталады. Әкімдердің бастамасымен жас мамандарды қолдау бойынша нүктелік шаралар іске асырылады.  Бірақ тұрақты кері байланыс жоқ. Көптеген жас мамандардың екі жылдай жұмыс жасап, жаңа болашақ іздеу үшін қалаға қайтып кететіндері жаңалық емес. Жыл сайын кәсіптен шамамен  15 мыңдай ауылдық мұғалім қалыс қалады. Олардың 1,5%-ы жас мамандардың үлесіне тиеді, көбісі оқу жүктемесінің және тұрғын үйдің болмауына байланысты кетіп қалады.   

Мұндай проблемамен көптеген елдер соқтығысып жатады, сонымен қатар Ресей мен АҚШ.  Ресейде бірнеше өңірлерде «Мобильді мұғалім»[16] жобасы іске асырылады. Жобада қаладағы мұғалім қызметтік көлікте ауылдағы мектептерге аптасына бірнеше рет барады, ол жерде негізінен – ағылшын тілінен сабақ береді. Ал АҚШ[17]-да ауылдағы мектептердің мұғалімдері бірнеше пәндерден сабақ бере алады.   

Толық жинақты ауылдық мектептердің негізінде ШЖМ-ді қолдау үшін ресурстық орталықтар (тірек мектептері) жасақталады. ШЖМ ауылдық мектептерді төмен тартпайды ма? - деген сұрақ туындайды. Ауылдық мектептердің жартысы шағын жинақты мектептерден құралатынын ұмытпау керек. Егер ШЖМ проблемасын шешсе, ауылдағы және қаладағы мектептердің арасындағы үлгерім айырмашылығы жартылай ғана қысқарады.  Негізгі және бастауыш мектептердің деңгейінде ШЖМ жабылған немесе шоғырландырылған жағдайда толық жинақты ауылдық мектептердің әлеуетін күшейту қажет болады.  

Шанхайда (Қытай)[18] керісінше қаладағы мектептер ауылдық мектептерге қолдау көрсетеді. Қытайда әзірленген бағдарлама  педагогикалық мамандардың, қаржылық және материалдық-техникалық ресурстардың өңірішілік айырбасына; менеджмент пен тиімділікті арттыру; білім беру сапасын арттыруға бағытталған.

АҚШ[19] пен Австралияда[20] ауылдағы мектептерді қолдау үшін арнайы гранттар әрекет етеді (10 - 60 мың АҚШ долларына дейін). Канадада 20 жыл қатарынан ауылдық білім беру конгрессі өткізіледі, онда білім берудің ең жақсы тәжірибелері, мектеп басқару мәселелері, жергілікті қоғамның өзара байланысы, қаржылар және т.б. талқыланады. Сонымен қатар, Австралияда ауылдық білімді дамыту бойынша әрекет жоспары мен ұлттық меже әрекет етеді.  Осыған ұқсас ауылдық мектептерді қолдау бағдарламалары Қазақстанда да жұмыс жасайды, бірақ олар  жергілікті және тарамдалған сипатқа ие. Білім және ғылым министрлігі 2003-2005 жылдары - «Ауыл мектебі» бағдарламасын, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2004-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасын іске асырды, соның аясында мектептерге қолдау көрсету бойынша жұмыстар атқарылды. 

Ауылдағы білім беруді әрі қарай дамыту үшін келесі шараларды назарға алу қажет болады.

Біріншіден, халықаралық тәжірибе негізінде орналасқан орны немесе толымдылығы бойынша мектептердің жаңа жіктелімін енгізу қажет. Мектептерді жіктемелеу қаржылық және адами ресурстарды тиімді бөліп, мектептерге нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, іссапарға шығу шаралары арқылы ауыл мектептері мұғалімдерінің біліктілігін үздіксіз арттырып отыруды қамтамасыз ету механизмін әзірлеу қажет. Сонымен қатар, ауылдағы мектептерде тиісті білім беру ортасын қамтамасыз ету қажет. 

Үшіншіден, көрсеткіштерді жақсарту бойынша жүйелі қадамдардан тұратын ауылда білім беруді жалпы дамыту стратегиясын әзірлеу қажет болады. Ауылда білім беру сапасын арттыру ауылдағы балалардың мүмкіндіктерін теңестіруге мүмкіндік береді. Білім берудегі теңдік – еліміздің тұрақты дамуының кілті болмақ. 


[1]БҰҰ Азық-түліктік және ауыл шаруашылық ұйымдарының Деректері «Статистика бойынша жыл сайынғы жинақ-2014»

[2]Жалпы ішкі өнімнің құрылымы, тоқсан сайын, ҚР ҒЭМ статистика жөніндегі комитеті

[3] Білім беру статистикасының Ұлттық жинағы, 2015

[8]OECD 2014: Learning environments evaluation programme, Creating effective learning environment

[12]OECD (2013): PISA Excellence through equity: giving every student the chance to succeed: Volume II

[13] ОЖСБ-2015 нәтижелерінің талдамасы

[14] БҰТ-2015 нәтижелерінің талдамасы

[15]TALIS 2013 Results: An International perspective on teaching and learning

Директор орынбасары, Орта білімді дамыту департаменті