You are here

Баланың оқуда табысты болуының ең негізгі факторлары анықталды

Printer-friendly versionPDF version

Жоба: 

"Білімді ел –образованная страна" газеті, №23, 2015 жылғы 8 желтоқсан

Әлемнің «ең ақылды» әйелі Мэрилин балалық шағында ешқандай ерекше қабілеттерін көрсетпеген және оның ата-аналары жоғары білім алмаған. Қазіргі таңда IQ[1] көрсеткіші ең жоғары 228(230) бірлікті құраған бұл «ақылды әйел» зияттылық (интеллект) ген арқылы орташа есеппен 50%-ы беріледі, ал дұрыс тамақтану арқылы оны тағы 20%-ға арттыруға болады деп тұжырымдайды[2].  

Ал қазіргі біздің жасөспірімдердің зияткерлік қабілеті бұл пайымдауды қаншалықты растайды? Ол үшін ата-ана баланың оқуда табысты болуына қалай көмектесе алады?

Бұл сұрақтарға жауапты әлемдегі бірегей зерттеулердің бірі 15 жастағы білім алушылардың математикалық, жаратылыстану, оқу сауаттылығын бағалайтын PISA[3] халықаралық бағдарламасының көп қырлы өлшеуіші болып табылатын «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени мәртебесі жөніндегі Индексі» аясында қарастырамыз. Себебі отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы баланың табысты білім алуымен тікелей байланысын жоғарыда аталған зерттеу анықтап отыр.  

Мұнда қаралатын бірінші фактор – ата-ананың білім деңгейі.

PISA-2012 зерттеуіне қатысушы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдері арасында жоғары білімді ата-аналардың балалары «математикалық сауаттылық» бағытында орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары нәтиже көрсеткені дәлелденген (1-кесте).

1-Кесте. Ата-аналардың білімі/ оқушы нәтижесі

 

Елдер

Орта білім деңгейі

Жоғары білім деңгейі

Білім алушылар, %

Математикадан орташа балл

Білім алушылар, %

Математикадан орташа балл

Шанхай-Қытай

25

564

44

643

Гонконг-Қытай

30

537

22

601

Корея

3

509

57

574

Эстония

2

478

58

531

Ресей

1

416

91

487

Қазақстан

1

391

87

435

ЭЫДҰ

12

440

52

517

Мысалы, осы халықаралық бағалауға қатысқан еліміздің 15 жастағы білім алушыларының ішінде ата-анасы жоғары білімді (87%) балалар ата-анасы орта білімді оқушылармен салыстырғанда 44 балға жоғары жинаған[4].

Алайда білім деңгейлерінің арасындағы айырмашылық орташа көрсеткіштен 173 балға төмен болып отыр. Сондай-ақ, еліміздегі жоғары білімді ата-аналардың пайыздық көрсеткіші көп болғанымен, Гонконг-Қытай елімен салыстырғанда біздің оқушыларымыздың білім деңгейі 166 балға төмен бағаланған.

Келесі бір фактор — отбасының табысы. Халықаралық сарапшылар әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасы балалары жағдайы жақсы отбасы балаларымен салыстырғанда оқуда табысты болуының мүмкіндігі шектеулі деп атап өтеді. Себебі, PISA-2012 халықаралық есебінде қазақстандық табыс көзі аз ата-аналардың балалары 32 балға төмен нәтиже көрсеткен. Бұл сарапшылардың бағалауынша баланың оқуда жарты жылға артта қалғанын білдіреді. Бұдан бала біліміне инвестиция салу қажеттілігі байқалады.

Мысалы, АТО[5]өткізген «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға ата-аналардың ықпалын бағалау» зерттеуіне қатысқан 86%-ға жуық ата-ана баласының білім алуы үшін отбасы табысынан белгілі бір қаражат көлемін жұмсайтынын айтқан. Елімізде мұндай ата-аналар үлесі орыс сыныптарында 88%, ал қазақ топтарында  84%-ды құрайды.         

Сондай-ақ, отбасындағы табыс көзінің төмен болуы баланың қосымша білім алуына да кері әсерін тигізеді. Демек, баланың ақылы сабақ (репепитор) алуы және спорт, музыка, би немесе көркемсурет үйірмелеріне қатысу мүмкіншіліктері шектеулі. Мұнда 50 пайыздан астам ата-ана баласының спортпен шұғылдануы мен эстетикалық тәрбиесіне ешқандай қызығушылық танытпаған. Ал, театр, кино немесе мұражайға балаларымен бірге ешқашан бармаған ата-аналар үлесі 30%-ды құраған[6]. Зерттеу нәтижелері әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасы балаларының бастауыш мектепке қабылданған кезінде бастапқы сауаттылығының (сөздік қоры мен фонология нысаны) төмен болатынын дәлелдеп отыр. Осы категориядағы оқушылардың оқу және математика пәндерінен академиялық көрсеткіштері жоғары сыныптарда да төмен болған (Feinstein&Bynner).  

Қосымша білім алу баланың сыни ойлау, елестету, шығармашылық дағдылары мен ұжымдасып мәселені шеше білуін дамытуға көмек беретінін Сан-Франциско университеті сарапшыларының мынадай зерттеу қорытындысынан көре аламыз: «Математика сабағында музыка тыңдау осы пәнді оқуда оқушылардың қабілетін айтарлықтай деңгейде жоғарылатып, емтихан қорытындысын 40%-ға жақсартқан».[7]

Баланың білімге қызығушылығы мен ынтасы отбасының мәдени дүниетанымына да тікелей байланысты. Бұл жағдай көркем әдебиет, өнер туындылары және энциклопедия жинақтарының санымен өлшенеді. Мысалы, үй кітапханасындағы орташа кітап қоры Сингапур, Шанхай-Қытай, Корея елдерінде 150 - 244 аралығында болса, елімізде бұл көрсеткіш 156 данадан аспай отыр. Бұл сандық көрсетркіштің табысты оқу жолындағы  үлкен кедергіні туғызатыны айғақ.

PISA-2012 қорытындысы баланың оқу мен математика сауаттылығына үйдегі өлеңдер жинағы, техникалық анықтамалар мен электрондық кітаптар оң әсер беретінін анықтап отыр. Сондай-ақ, қазіргі таңда қоғам мен адам өмірінде Интернеттің рөлі де артып келеді. Елімізде үйінде Интернетке қосылу мүмкіндігі бар білім алушылар үлесі 55%-ды құраса, көшбасшы елдерде бұл көрсеткіш 97%-ды көрсетеді. Интернетке қосылған компьютердің немесе құрылғылардың тек білім беру орындарында ғана емес үйде де болуы баланың функционалдық дамуының (ақпаратты түсінуі, өңдеуі, қолдануы) ең басты шарты болуда. Бұдан шығар қорытынды, зерттеу нәтижелері көрсеткендей үйдегі білім беру ресурстары мен ақпараттық орта (Интернет) баланың сауаттылық деңгейіне (оқу, математикалық) 2,4-3,5% әсер беретінін анықтады.

Бірде «Facebook» парақшасында балалардың кітаптардан үй тұрғызып ойнаған суреті жарияланды. Бұл пост әлеуметтік желіні пайдаланушыларға ой салған және көптеген пікіртуғызған. Олардың  арасында бір қолданушыны: «Менің үйімде кітап өте көп болды. Мен оларға мүлдем көңіл бөлмейтінмін. Ал әкем шай үстінде үнемі қызықты оқиғаларды айтып отыратын. Сен мына кітапты  оқып көрші, өте қызық деп, әкем сөреден сол кітапты ұсынатын» - деп өзінің кітапты сүйсіне оқуына түрткі болған жағдайды жазыпты.

Әрбір ата-ана қарапайым іс-әрекеттер арқылы баласының ой-өрісін дамытуға үлкен көмек бере алады. Ата-аналар кітаптың құны сыртында емес, ішінде болатынын балаға ұғындыруы абзал. Баланы қай іске болмасын баулуда ата-ананың өзі де сол әрекетті бірлесіп қызыға орындаса, балада қажетті дағдының қалыптасары анық. Бұған PISA-2012 зерттеуінде кітап оқу мәдениетін қалыптастырған отбасы балалары өз нәтижелерін 14 балға арттырғаны дәлел бола алады. 

Білім алуда табысты болу баланың ішкі мотивациясына да тікелей байланысты. Халықаралық сарапшылар әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасы балаларының да жоғары жетістігі туралы айтады. Бұл оқушылар «табанды» деп аталған.

Олардың нәтижелері негативті факторларды жеңуге болатынын дәлелдейді. Жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық «табанды» 15 жастағы білім алушылардың үлесі 2%-ды құраған. Шанхай-Қытай, Макао-Қытай елдерінде мұндай оқушылар үлесі 17-19%-ға жетеді.

«Табанды» балалар тек жақсы нәтижеге қол жеткізіп қана қоймай, олар құрдастарымен салыстырғанда функционалдық сауаттылық деңгейінің ең жоғарғы бағалау шкаласын иеленген.

Баланың оқуда табысты болуы тек отбасының әлеуметтік немесе материалдық жағдайына ғана тәуелді емес, сондай-ақ, баланың өзінің де ынта-жігері мен бәсекелестікке қабілеттілігін дамытуына аянбай еңбек етуіне тікелей байланысты.

Қоғамда түрлі жағдайларға қарай жіктелетін отбасындағы балалардың арасында өмір сүруге қайсарлық, қызығушылық танытып, өз арманына ұмтылып жатқандары аз емес.

Солардың бірі филиппиндік Даниэль. Оның әкесі дүние салған, ал үйлері өртеніп кеткен. Даниэль анасы екеуі көшеде қайыршылықпен күн көреді. Ол осынша қиындыққа қарамастан мектепті тастағысы келмейді. Сабақтан қалмау үшін бар амалын жасайды. Даниэль көшеде жүріп, «Макдональдс» асханасының терезесінен түскен жарық астында сабақ оқиды.[8]

Даниэльдің осы бір әрекеті, бала мотивациясы оның табысты болуының ең басты қозғаушы күші екенін дәлелдейді.

Қандай ата-ана болмасын баласының тек жетістігі мен жемісін көргісі келеді. Себебі балаларының биік шыңдарды бағындырып, өмірден өз орындарын табуы мақтаныш. Осы ретте ата-ананың өз ұрпағының дүниетанымы мен жеке тұлғалық қасиеттерін дамытуға бар күшін салуы маңызды.


[1] Зияттылық коэффициенті (ағылш. Intelligense quotient; IQ) — ақыл-ой дамуының, білімділік пен хабардарлық деңгейінің көрсеткіші. https://kk.wikipedia.org/wiki.

[3] PISA (Programme for International Student Assessment) - білім алушылардың жетістігін халықаралық бағалау бағдарламасы.

[4] «Основные результаты международного исследования PISA-2012. Национальный отчет, НЦОСО, 2013.

[5] АТО – ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ақпараттық –талдау орталығы» акционерлік қоғамы.

[6] Аналитикалық есеп. «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға ата-аналардың ықпалын бағалау», АТО, 2015

[7] Reviews of National Policies for Education: Secondary Education in Kazakhstan. 2014 OECD