You are here

БОЛАР БАЛА – ЖӨРГЕГІНЕН

Printer-friendly versionPDF version

«Ана тілі» газеті, 5 қараша.2015 

«Болар бала – жасынан, жөргегінен», – дейді халқымыз. Осы бір дана сөздің дұрыстығын ешкім де теріске шығара алмас. Алайда, біздің ойымызша көпшілігіміз бұл мақалды данышпан, ерекше қабілетті не табысты адамдарға байланысты деп түсінеміз. Яғни, мақал балалық шақтың маңызын емес, туа біткен қабілеттің маңызын дәріптейді.

Ғылым-білімдегі соңғы жетістіктер адам өміріне генмен қатар ерте жастағы тәрбиенің айрықша әсер ететінін дәлелдеп отыр. Тарихта өткен ұлы адамдардың өмірбаянын зерттеу нәтижелері данышпандықтың тұқым қуалайтынын растады. Десе де, туа біткен данышпандардың санаулы бөлігі өз әлеуетін іске асырады. Зерттеушілердің пайымдауынша, данышпандықтың қалыптасуында гендер басым болса, оны танытуда орта мен тәрбиенің рөлі жоғары.    

«Музыка корольдері» В.А.Моцарт пен Майкл Джексонның әкелері олардың талантына нық сенген; ұлдары 5-6 жаста болғанда  гастрольмен ел аралап, жұртты балаларының өнерімен тәнті еткен. Ұлы математиктер Софья Ковалевская мен Карл Фридрих Гаусс сандар әлемімен өте ерте танысқаны мәлім. Мұны Ковалевская отбасының математикаға жақындығымен, ал Гаусстің бала кезден еңбекке араласуымен түсіндіреді. 

ХХ ғасырдың орта шенінен басталған көпжылдық зерттеулер балалық шақтың адамның болашақ тағдырына әсерін нақтырақ сипаттап берді. Гарвард университетінің Балалық шақты дамыту орталығы сәтті ересек өмірдің балалық шаққа тәуелді болатынына 5 шүбәсіз дәлел келтіреді. Бұл тәуелділік адамның бес жасқа дейін аса сезімтал болуымен байланысты. Мысалы, үш жасар бала миының салмағы ересек адам миының 75-80%-ына жетеді. Сөздік қорындағы ерекшелік 18 айда байқалады. Үш жасқа дейін ата-анасы дұрыс көңіл бөлмеген немесе нашар күтімдегі баланың артта қалушылық пен әлжуаздыққа душар болуы әбден мүмкін. Осыған орай аналарды қолдау және мектепке дейінгі білімге салынатын инвестиция қайтарымының қомақты екені расталды.   

Жапонның Sony корпорациясының негізін қалаушылардың бірі Масару Ибука «Үштен кейін тым кеш» атты кітабында былай дейді: «... баланың туылғаннан үш жасқа дейінгі ақыл-ой дамуындағы мүмкіндіктер төрттен он алты жасқа дейінгі кезеңмен парапар». Бұл кезде уақыт ұттырып алсаңыз, кейін баланы қатарға қосу үшін әлдеқайда көп қаржы, күш-қуат жұмсауыңызға тура келеді.  

Ендеше, балаңыз туа біткен данышпан болсын-болмасын, табиғаттың өзі оған ерте жаста көптеген мүмкіндіктер сыйлайды. Мұнда бастысы – оның жанынан табылу және оны белгілі бағытта ынталандыру. Жапондықтар адамның болашақ кәсіпке бейімін 5 жаста дәл анықтауға болатынына сенеді.

Үйдегі тәрбиемен қатар дамытушы орталықтар мен мектепке дейінгі ұйымдардағы оқудың маңызы артып келеді. Дамыған мемлекеттерде мектепке дейінгі білім біртіндеп баршаға міндетті білім деңгейіне айналуда. ЮНЕСКО стандарттары бойынша мектеп жасына дейінгі балалар күніне ең кемі 2 сағат, жылына - 100 күн отбасынан тыс оқудан өткені абзал. 2015 жылғы статистикалық мәліметтерге қарағанда, біздің елімізде 3-6 жастағы балалар мектепке дейінгі тәрбие-оқытумен жоғары қамтылған (78,6%). Дегенмен 1-3 жастағы балаларды қамту үлесі салыстырмалы түрде төмен (16,4%, Еуроодақта - 33%). 

Мектепке дейінгі білім берудің қажеттілігін келесі сандық мәліметтер айғақтайды:

– PISA-2012 зерттеуінің нәтижесі 15 жасар қазақстандық оқушылар кезінде балабақшаға барған болса, тестілерді 32 балға жоғары тапсыратынын анық көрсетті;

– Ақпараттық-талдау орталығының 2014 жылғы сауалнама нәтижелеріне жүгінсек, 24-40 жастағы 4 995 отандасымыздың балабақшаға барғандарының ішінде жоғары білім алғандардың үлесі 23%-ға артық, жұмыссыздар – 7%-ға аз.

Осылайша, адам өмірінің алғашқы жылдарындағы тәрбиеге сезімталдық пен тиімділік тұрғысынан қарасақ, оған кейінгі оқудың бірде-біреуі тең келмейтінін түсінеміз. Осы жаста тек күтім жасау жеткіліксіз, ынталандырғыш ықпал қажет. Аталған уәждер мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың рөлін әсірелеу үшін емес, қазіргі заман ақиқатын жете ұғыну үшін қажет. Біз балаларымыздың өз әлеуетін танытуға неғұрлым ерте көңіл бөлсек, олардың болашағының соғұрлым сәтті болуына, әрі өмірдің көптеген тауқыметтерін тартпауға септігімізді тигіземіз.

Президенттің орынбасары