You are here

Кітап оқитын балалар – табысты оқушылар

Printer-friendly versionPDF version

Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны iледi  

Халық даналығы

Ерте кездерде ақсақалдар жаңадан тәй-тәй басып жүрген баланың бір тұрып, бір құлайтындығын аяқтарының көзге көрінбейтін жіппен байлаулы екендігімен байланыстырған. Сол себепті, адам баласы өмірде сүрініп кетпеуі үшін, керісінше жеңіл және тең жүруі үшін оның тұсауын  кесетін болған. Қазақтың осы көне дәстүрлері бойынша, өз немерем алғаш қадам басып жүре бастаған кезде, осы қуанышымызға орай «Тұсаукесер» дәстүрлі мерекесін ұйымдастырдық.

Алдымен қорқақтай басып, одан кейін өзін сенімді сезінген сәби ақ төсеніштің үстімен батыл қадам басып кетті. Оның алдына әр түрлі заттар қойылды (ақша, кілт, ойыншық, кәмпит және т.б.), бұл заттардың бәрі белгілі бір өмірлік басымдықтарды білдіреді. Осылардың арасынан немерем кітапты таңдап алды да, оны парақтай ашып, ішіндегі таныс суреттерді қарастыра бастады.

Әкесі баласынан: «Әлихан, мүмкін ақша немесе кілтті алармыз?» деп сұрап жатыр. Бірақ, сәби өз дегенінен қайтпады, тіпті басқа сыйлықтарға көз де салған жоқ.

«Міне, қарашы, кітапқа құмар болайын деп тұр, - деп мен іштей қуандым, - түнде балаға кітап оқып берген еңбегім еш кетпеген екен». Мен сөз еткелі отырған әдеби жанрдың құндылығын Самуил Маршак дәл анықтап беріп кеткен: «Ертегі – әр түрлі дәрумендердің қоспасы – сәбилер үшін тәтті сүт секілді. Онда баланы азықтандыратын барлық элементтер бар. Ол баланы сөйлеуге, ойлауға, сезінуге үйретеді».

Кітаптың шығармашылық негізіндегі даму мүмкіндіктерін терең түсінген бірегей ғалым Альберт Эйнштейн былай деген: «Егер балаңыз ақылды болсын десеңіз, оған ертегі оқып беріңіз. Егер балаңыз асқан ақылды болсын десеңіз, одан да көп ертегі оқып беріңіз».

Менің пікірімше, мейірімді балалар ертегісі кішкентай кітап тыңдармандарын тәрбиелеу саласында көп қызмет ете алды. Болашақта Әлихан кітапты сүйіп оқитын оқырман бола ма, жаңа білім алуға және өзінің сұрақтарына жауап алуға ұмтылыс жасай ма, оның бәрі баланың ата-анасына байланысты, яғни осы екеуі балаға дауыстап ертегі оқуды әрі қарай жалғастырып, баланың оқуға деген қызығушылығын арттырулары қажет.

Кітап – адамның зияткерлік дамуының негізгі құрамдас бөлігі, мазмұнының толықтығы мен тиімділігі бойынша ол басқа ақпарат көздерімен салыстырғанда бәрінен артық тұр. Атақты адамдардың кітап оқу туралы айтқан ойлары мен көзқарастары қаншама. Олардың барлығы да кітап және оқудың рөлін мойындап отыр: баланың дүниетанымы кеңейе түседі, ойы дамиды, адамгершілік қасиеттері қалыптасады, өзін және басқаларды тануға ықпал етеді.

Бала әліпбиді үйренгенге дейін кітапты танып, жақсы көруі үшін, оның жанында сол кітапты оқып беретін ата-ана табылуы тиіс, ең дұрысы – баламен бірге оқитын ата-ананың болуы. Кітапты отбасы болып оқу баланың грамматикалық сауаттылығын арттырады, жалпы алғанда оның мектептегі барлық пәндер бойынша үлгерімінің жоғары болуына ықпал етеді. Сөзімді растау үшін шетелдік және отандық зерттеушілердің еңбектерінің нәтижелерін мысал ретінде келтіре кетуді жөн санап отырмын.

Егер 4-5 жасар балаға ата-анасы күн сайын кітап оқып беретін болса, онда олар өз құрдастарын дамуы жағынан 12 айға озады екен. Егер аптасына 3-5 рет кітап оқитын болса, бұл балаға өз құрдастарынан 6 айға озып кетуіне ықпал етеді (Мельбурн Университеті, 2012).

Анасы бала өмірінің алғашқы бес жылында бала дамуына араласа қоймайтын немесе ішінара ғана араласатын бала өз құрдастарынан когнитивтік дағдыларының дамуы жағынан 1,8%-ға артта қалатындығы анықталып отыр (Bernal, 2008).

Қазақстандық педагогтар да дәл осындай пікірді алға тартып отыр. Олар «кейбір ата-аналардың баласының киімі көк, тамағының тоқ болуына ғана көңіл аударатындығын, ал оның жеке басының дамуына жағдай жасай қоймайтындығын» айтады. Бұл ретте, социологиялық зерттеулер нәтижелері бойынша, ата-аналары балалары мектепке барғанға дейін оларға көңіл бөлген балалар (бірге кітап оқыған, ойнаған, сурет салған) 3-5 жаста кітап оқуды үйреніп алған. Және бұл балалар тест тапсырған кезде де 6 жастан кейін оқу дағдыларын меңгерген өз құрдастарымен салыстырғанда анағұрлым табысты нәтижелерге қол жеткізген («АТО» АҚ, 2015)[1].

Қазақстандық зерттеушілер «кітап оқитын» ортаның болмауы және үйде кітап қорының жинақталмауы балалардың оқу сауаттылығына кері әсерін тигізетіндігін ерекше атап көрсетіп отыр. Сауалнамаға қатысушылардың 16%-ы «кітап оқу – уақытты текке кетіру» деп есептейді, олардың балалары оқу сауаттылығының деңгейі жағынан кітап оқитын отбасылардың балаларымен салыстырғанда тапсырманы 7,2%-ға аз орындаған (сәйкесінше 62,6% және 69,8%)[2].

Социологиялық сауалнама деректері бойынша, ата-аналардың 44,6%-ы өз қалауымен орта есеппен аптасына 5 сағатқа дейін уақытын кітап оқуға жұмсайды екен.  Сүйікті ісіне осыдан 2 есе көп уақыт жұмсау мүмкіндігі сауалнама жүргізілгендердің 20%-нда ғана бар. Аптасына 1 сағат қана кітап оқуға уақыт бөлетін ата-аналардың көрсеткіші 20,4% респондентті құрап отыр[3].

Ата-аналары бос уақыттарының 10 сағаттан астамын кітап оқуға арнайтын қазақстандық мектеп оқушылары оқу сауаттылығы деңгейінің жеткілікті мөлшерде жоғары көрсеткішіне қол жеткізген (73% орындау көрсеткіші). Ата-аналары аптасына 1 сағат қана кітап оқитын оқушылардың нәтижелері төмендеу (68%)[4].

Сауалнамаға қатысушылардың 31%-ы үйдегі кітапханаларында 10 шақты кітап бар екендігін көрсетсе,  34,9% - 25 кітап бар деп көрсеткен. Орта есеппен алғанда бір қазақстандық отбасына 46 кітаптан келеді екен, бұл ЭЫДҰ елдеріндегі әрбір отбасында бар кітаптар санынан 110 кітапқа кем көрсеткіш. Үйлерінде 10-нан бастап 500 кітапқа дейін кітапхана қоры бар оқушылардың кітап оқуға байланысты тапсырмаларды орындаудағы айырмашылығы 12%-ға тең (сәйкесінше 65,5% және 77,5%)[5].

Шетелдік сарапшылар кітап саны мен оқу қабілетінің арасындағы байланыс маңыздылығы жас өскен сайын ұлғая түседі деп есептейді. Жоғары мектептердегі оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту мүмкіндігі 30%-ға үйде басылым материалдарының болуына байланысты болып шыққан (Mol және  Bus, 2011, Buckingham үзінді, 2013).

Қарастырылып отырған зерттеу нәтижелері оқи білудің және оқуға деген қызығушылықтың үйде қалыптасатындығын көрсетіп отыр. Дарынды педагог В. Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда: «Бала – отбасының айнасы, су тамшысында күннің көзі қалай көрінетін болса, балалардың бойында оның ата-анасының адамгершілік таза сезімдері де дәл солай көрініс табады».

Бала жастан бастап кітап оқу, тыңдай білу және сөйлеу, талқылау және талдау, жағдайға сыни көзқараспен қарау және дербес шешім қабылдауды әдетке айналдырған мектеп оқушылары сауатты сөйлей алады, олардың есте сақтау қабілеттері және ой-қиялдары тамаша дамыған.

Құрметті ата-аналар, дәл осындай жетістіктерге сіздердің де балаларыңыз қол жеткізе алады! Баланың оқуға деген қабілетін ашатын, ізденімпаз кезеңін жіберіп алмаңыздар. Өзіңіз де кітап оқыңыз, балаларыңызбен бірге оқыңыз, сіздің бұл талабыңыз жүз есе ақталып шығады. Баланы кітап оқуға баулу кезінде төменде ұсынылып отырған тәжірибелік нұсқауларыңызды жадыңызда ұстай жүрулеріңізді сұраймыз.

  1. Кітап оқу үрдісін ойын, қуанышты оқиғаға айналдырыңыз. Кітап оқу баланы жазалауға айналып кетпесін.
  2. Кітап оқу кезінде баланың назарын белсенділендіріңіз. Бала сұрақтарға жауап берсін, суреттерді қарасын.
  3. Қолыңыз бос болмай тұрса да, баланың кітап оқып беруді өтінген өтінішін аяқсыз қалдырмаңыз.
  4. Отбасылық оқулар ұйымдастырыңыз, оқылған деректерді талқыға салуды әдетке айналдырыңыз.
  5. Өз балаңыздың пайымдау қабілетін кітап материалдары арқылы дамытуға тырысыңыз.
  6. Балаға мектепке бармай тұрғанда да, мектепке барғаннан кейін де дауыстап кітап оқып беруден жалықпаңыз.
  7. Бір жарым – екі жастағы балалар кітапқа 1-2 минут көңіл аудара алады, одан ересек балалар 15-20 минут көңіл бөлуі мүмкін.
  8. Балалардың сұрақтарына бірден жауап бере салуға асықпаңыз – бала сұрақтың жауабын кітаптардан өзі іздеп көрсін.
  9. Баланың сөздікпен жұмыс істеу және оны дұрыс пайдалану дағдыларын  қалыптастырыңыз.
  10. Үйде кітапханаңыз болсын. Оны баламен бірге толықтырыңыз. Баламен бірге кітапханаға барып тұрыңыз.

Кітап оқитын бала бүгін  – табысты оқушы, ал ертең – қалыптасқан тұлға! Ата-ананың балаға сыйлай алатын тамаша сыйы – олардың кітап оқуға деген құмарлықтарын арттыру болып табылады!

Тұрақты кітап оқу қажеттілігінің 7 себебі:

  • Кітап оқу жадыны және ойлауды дамытады;
  • Кітап оқу қиялдау және шығармашылық қабілеттерді дамытады;
  • Кітап оқу адамдармен қарым-қатынас жасауға көмектеседі және әдемі сөлеу дағдыларын дамытады;
  • Кітап оқу сөздік қорды байытады және жалпы сауаттылық деңгейін арттырады;
  • Кітап оқу талдауға, сарапқа салуға үйретеді;
  • Кітап оқу қоршаған ортаны, әлемді және өзін тануға көмектеседі;
  • Кітап оқу – мектептегі және ересек өмірдегі табыстылықтың негізі.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ата-ананың мектеп оқушыларының функционалды сауаттылығын қалыптастыруға әсерін бағалау. Сараптамалық қорытынды.- Астана: «АТО» АҚ, 2015. - 64 бет.
  2. Bernal, R. (2008) ‘The Effect of MaternaL Employment and Child Care on Children’s Cognitive Development’ International Economic Review, 49(4), 1173-1209. http://dx.doi.org/10.1111/j.1468-2354.2008.00510.x
  3. McKool, S. (2007) ‘Factors that Influence the Decision to Read: an Investigation of Fifth Grade Students’ Out-of-school Reading Habits’ Reading Improvement, 44(3), 111-131
  4. http://www.education.vic.gov.au/Documents/about/research/readtoyoungchild.pdf
Директордың орынбасары, Мектепке дейінгі және орта білім департаменті