You are here

МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БІЛІМ БЕРУДЕ ЕҢ КҮШТІ БУЫНҒА АЙНАЛУЫ ҮШІН НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ

Printer-friendly versionPDF version

Мектеп директорлары – білім беру саласындағы өзгерістерді табысты жүзеге асырудағы негізгі буын болып табылады. Оқушыларға білім беру үрдісіне етер әсері жағынан, мектептегі көшбасшылық тек сыныптағы оқытуға ғана жол беріп отыр [i]. Ofsted (Office for Standards in Education, «Білім беру стандарттарын басқару») деректері бойынша, жақсы бағаға ие болып отырған мектептердің 90%-ның басында мектеп инспекциясы тарапынан жоғары бағаға ие директорлардың отырғандығын байқауға болады [ii]. Британдық зерттеулер мұғалімдердің жұмысының тиімділігі көп жағдайда мектептің бірінші тұлғасына байланысты болатындығын көрсетіп отыр [iii]. Қазақстандық мектептердің директорларының бірі өзінің сұхбатында былай дейді: «Мұғалімдердің мектепке жұмысқа орналасуға ұмтылуына негіз болатын басшылар бар, мұғалімдерді мектептен қашып кетуге мәжбүрлейтіндер де жоқ емес. Мұғалімдердің сапалық құрамы мектеп директорына байланысты болып табылады» [iv].

Мектеп менеджерлерін кәсібилендіру ертеректен-ақ алдыңғы қатарлы елдердің трендіне айналған. Алайда, Қазақстанда олардың дамуына айтарлықтай көңіл бөлінбей келеді. Білім берудегі менеджмент саласында зерттеулер жүргізіліп жатқан жоқ. Мектептердің басқарушылық саясатына оңтайлы өзгерістер енгізу үшін оларды кімдердің басқарып отырғандығын және олардың алдында қандай кедергілер тұрғандығын анықтап алған дұрыс болады.

Күндізгі жалпы білім беру мектептерінің басқарушылық корпусын 6702 директор және 520 мектеп меңгерушісі құрайды. Басқарушы ер-азаматтардың үлесі 43%-ға тең. Қатардағы оқытушылар санымен салыстырғанда,  ерлер басқарушылар арасында көп (19%) (Анықтама ретінде: халықаралық TALIS-2013 мұғалімдік корпус зерттеуіне қатысқан 34 елде мектеп директорларының 51%-ы және мұғалімдердің 32%-ы ерлерден құралып отырғандығы анықталды)[v].

Мектептердің басқарушы кадрларын іріктеу тиімді білім беру саясатын құруда маңызды рөл атқарады. Қазақстандық мектеп басшысы шеніне кімдер үміткер бола алады? Мектеп директорларын жұмысқа алған кезде олардың білім біліктіліктеріне, заңдарды білуіне және жұмыс тәжірибесіне басты назар аударылады, ал дағды, құзыреттілік және басшылық ету қабілетіне көңіл бөлінбей қалып жатады.

Қазақстандық мектептердің директорлары көбіне тәжірибелі ұстаздардан құралады. Сонымен, олардың 63%-ының 20 жылдық педагогикалық өтілі бар болса, мектеп басшыларының тек 2%-ында ғана 5 жылдан кем мұғалімдік тәжірибесі бар екендігін аңғаруға болады. Басқарушы кадрлардың қартайып келе жатқандығы байқалады. Директорлық корпусты жаңарту жүйесі құрылмаған.  ЭЫДҰ елдерінде де осындай жағдайды байқау қиын емес. TALIS-2013 зерттеуіне қатысушы елдердің директорларының орташа жасы 21 жылдық жұмыс өтілі бар 50 жас шамасындағы мұғалімдерден құралған. Сол себепті, бұл елдерде мектеп директорларының резервін құру және оларды іріктеу мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде.

Білім беру – басқарушыларды іріктеу критерийлерінің бірі болып табылады. Қазақстандық мектептер басшыларының 99%-ында жоғары білімі бар болса, 1%  техникалық және кәсіби білімге ие  [vi]. Бұл ретте, мектеп директорларының, әдетте, педагогикалық білімінің болуы ғана қарастырылған, олардың білім беру менеджменті саласында біліктіліктері жоқ. Елде Назарбаев Университетіндегі магистрлік бағдарламаларды қоспағанда, білім беру көшбасшылығы саласында арнайы бағдарламалар жоқ.

Педагогикалық мамандықтар бағдарламалары мазмұнында білім беру менеджменті мәселелері қамтылмаған. Салыстыра кетер болсақ, ЭЫДҰ құрамындағы 34 елдің 24-де мектеп директорларының 89%-ы басқару және көшбасшылық саласында білімге ие екендігі анықталып отыр [vii]. Бұл елдерде білім беру менеджменті саласында білім және дағдыларды игеру мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін бағдарламалардың түрлері өте көп.

ЭЫДҰ елдерінде мектеп директорларын олардың құзыреттілік деңгейлеріне байланысты жұмысқа қабылдау тәжірибесі кең таралған. Ұлыбритания, Австралия, Нидерланды, АҚШ, Жаңа Зеландия және Чилиде мектеп басқарушылары үшін қажетті құзыреттіліктер кәсіби стандарттармен белгіленген [viii].

Сонымен, Австралияда қажетті біліктілігінен басқа директор лауазымына үміткер бес негізгі критерий бойынша тиісті білім, дағды және тәжірибе көрсеткіштеріне ие болуы тиіс: білім беру және оқыту саласындағы көшбасшылық, өзін-өзі жетілдіру және басқаларды дамыту, инновациядағы көшбасшылық, мектепті басқарудағы көшбасшылық, қоғаммен тиімді байланыс жүргізе алу мүмкіндігі [ix]. Англияда кәсіби стандарттар үш қағидаға негізделеді: оқушыларға байланысты бағдарының болуы, көшбасшылық және кәсіби деңгейі.

2015 жылы әлемдік мектептер рейтингісінде көшбасшы орынға ие болып отырған Сингапурде мектеп директорларын іріктеу – ең қатал үрдістердің бірі. Ондағы білім беру жүйесінде мұғалімдердің көшбасшылық қасиеттерін анықтау бағдарламасы жұмыс істейді. Жыл сайын барлық педагогтардың көшбасшылық әлеуетіне баға беріледі. Осылайша, мектеп басқарушыларының резерві жинақталады [x]. Мектеп директоры лауазымына үміткерлер Бағалау орталығында іріктеуден өтуі тиіс, ол үшін құзыреттілікті анықтауға бағытталған белгілі бір тапсырмалар орындалады. Әлеуеті бар үміткерлер Ұлттық білім беру институтында 6 айлық оқу бағдарламасынан өтеді. Бағдарламадан өту барысында олар жалақы алады. Жыл сайын шамамен үміткерлердің 35%-ы ғана көшбасшылық позицияларға өте алады екен [xi]. Мектеп директоры лауазымына үміткерлер бекітілгеннен кейін, олар 2 жылдық бағдарламадан өтеді. Оқудың алғашқы жылы көшбасшылықты жаттықтыру институтында жүргізіледі. Екінші жыл мектептегі тәжірибе түрінде жүзеге асырылады. Бұған қоса, болашақ мектеп басқарушыларын 6 аптаға шетелге оқуға жібереді. Оқу шығындарын толығымен мемлекет төлейді. Әрбір 5-6 жыл сайын мектеп директорлары басқа мектептерге ауысып отырады. Бұл әрбір мектептің дамуына жаңаша көзқараспен қарауға ықпал етеді, сондай-ақ басқарушылардың кәсіби дамуына септігін тигізеді [xii].  

Мектептегі жұмысқа бизнес-көшбасшыларды тартуға бағытталған Нидерланды тәжірибесі де өзінше қызық. «Тысқары жерден келген басшылар» тренингтік бағдарламасы («Bazenvanbuiten»)  бастауыш мектептердің басқарушыларына айналатын бизнес-көшбасшыларына арналған. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде 13 қатысушы оқытудан өткен және мектеп директоры атанған. ЭЫДҰ сарапшылары бұл бастаманы болашағы зор бастама деп есептеп отыр [xiii].

Қазақстандағы білім беру жүйесі менеджментіне тән кемшіліктердің бірі жаңа тағайындалған мектеп директорларына қолдау көрсету деңгейінің әлсіздігі болып табылады. Елде басшыларға кәсіби тәжірибемен бөлісуге, өзара пайдалы білім беру жобаларын құруға мүмкіндік беретін мектеп директорлары ассоциациялары және одақтары жоқтың қасы. Ал ЭЫДҰ аясындағы 34 елдің 31-де мектеп директорларының кәсіби ассоциациялары жұмыс істейді екен. TALIS-2013 зерттеу нәтижелері бойынша Финляндияда директорлардың 82%-ы, Нидерландыда 86%-ы және Малайзияда 89%-ы басқа мектептердің басшыларымен өзара тәжірибе алмасып тұратындығын айтқан  [xiv].

Мектеп басқарушыларын кәсіби дамыту саласының сарапшысы Джудит Чапмэннің пікірінше, мектеп басқарушыларына қолдау көрсетудің тиімді тәсілі менторлық болып табылады [xv]. Ең табысты директорлар өздерінің алғашқы қызмет жолында тәжірибелі директорлар тарапынан қолдау тауып, олардан сабақ алған [xvi].

Сингапурде менторлық мектеп директорларын дайындаудың негізгі стратегиясы ретінде пайдаланылады, әрбір болашақ басшы үшін ұстаз-директор белгіленеді. 2008 жылдан бастап Мектеп директорлары академиясы (APS) Министрлікпен бірлесе отырып, білім беру ұйымдарына жаңадан келіп жатқан басшылар үшін көмек болып табылатын менторлық бағдарлама ұсынды. Жаңа келген директорлар аталған лауазымдағы жұмысын алғашқы жылы жүргізу барысында тәжірибелі әріптестерінен қолдау табады. Қазіргі уақытта берілген бағдарламалар аясында тәжірибелі мамандардың тәжірибесі аз мамандарға білімі мен тәжірибесін беру мүмкіндіктері қарастырылған, және бұл екі тарап үшін де өзара пайдалы екендігін көрсетіп отыр [xvii].

АҚШ-та Мектеп директорларының ұлттық ассоциациясы (National Association of Secondary School principals) «Виртуалды Менторлық Бағдарлама» онлайн-платформасын іске қосты (Virtual Mentor Program), оның көмегімен табысты мектеп директорларынан ақыл-кеңес алуға болады  [xviii].

Тәжірибесі аз директорларға қолдау көрсету тәсілдерінің бірі олардың дамуына ықпал ететін кәсіби курстар ұйымдастыру болып табылады. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ААҚ Педагогикалық шеберлік орталығында Қазақстан Республикасындағы жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктіліктерін арттыруға арналған бағдарлама жұмыс істейді, ол Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірге әзірленген. Бағдарлама теориялық және тәжірибелік дайындықтардан құралған және 9 ай көлемінде жүргізіледі. Бағдарлама аясында басшыларды оқытудың негізгі басымдықтары мыналар болып табылады: басшының өзін-өзі дамытуы, мектепті дамыту және әлеуметтік және кәсіби серіктестік.

«Өрлеу» ҰПКО» АҚ филиалдары аясында біліктілікті арттыруға арналған қысқа мерзімді курстар өткізіледі. 2015 жылы менеджмент мәселелері бойынша 3300 адамның біліктілікті арттыру курстарынан өтуі жоспарланған. Алғашқы жартыжылдықта 43,3% курстан өтіп отыр (2600 адам).

Сондай-ақ, жаңартылған білім беру мазмұны және мектептердегі жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселелерін қолданысқа енгізу бойынша директорларға қолдау көрсетуге бағытталған курстар да ұйымдастырылып отырады. 2013-2015 жылдары «Қаржы орталығы» АҚ тарапынан Қазақстанның 7 өңірінде орта білімді жан басына шаққанда қаржыландыруды апробациядан өткізу жөніндегі оқыту семинарлары өткізілді.

Шешімін табуы тиіс мәселелердің бірі мектептің басқарушы кадрларын жұмысқа тарту және олардың жұмыс орнында қалуын ынталандыру жағдайларының қарастырылмағандығы болып табылады. Мектеп директорының орташа жалақысы мұғалімнің орташа жалақысынан шамалы ғана жоғары. 20 жылдан астам еңбек өтілі бар қатардағы мұғалімнің базалық жалақысы - 50 967 теңге, директордың жалақысы – 72 204 теңге [xix]. Бұған қоса, мұғалімдердің біліктілігін арттырудың үшдеңгейлі курстарының енгізілуіне байланысты мұғалімнің жалақысы мектеп директорының жалақысынан 2 есеге дейін жоғары болуы да мүмкін (курстардан өткеннен кейінгі мұғалімнің жалақы мөлшері – 169 609)[xx]«Үшдеңгейлі курстардың жүргізілуіне байланысты, қазіргі кезде ешқандай мұғалімнің директор болғысы келмейді. Одан да, жауапкершілігі аз, жалақысы жоғары қарапайым мұғалім болып жүре берген артық» - деген пікір білдірді мектеп басшыларының бірі. Салыстыру үшін: Ұлыбританияда мектеп директорларының ай сайынғы еңбек ақысының максималды мөлшері мұғалімнің жалақысынан 2-3 есеге дейін жоғары (2013-2014 оқу жылы: директор - $134 672, мұғалім - $51 862).

Ауылды жерлердегі және артта қалған мектептердің директорларының жалақыларына үстеме ақының қарастырылмауы да маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Көптеген елдерде әлсіз мектептерге тиімді басқарушыларды жұмысқа тарту тәжірибесі қалыптасқан. Францияда және Жаңа Зеландияда әлсіз мектептердің директорлары үшін үстеме жалақы төленеді [xxi].

Ұлыбританияда 2014 жылдан бастап Дарынды көшбасшылар бағдарламасы жұмыс істейді (The Talented Leaders program). Тәжірибелі, табысты мектеп директорлары қиындыққа ұшырап отырған мектептерге жұмысқа жіберіледі. Оларға менторлық және коучинг бағдарламалары арқылы қолдау көрсетіледі, жалақыларына үстеме ақы белгіленеді және мектепті жақсарту және мектепте көшбасшылық әлеуетті қалыптастыру үшін $76 000 астам мөлшерде гранттар беріледі [xxii].

Австралияда үлгерімі әлсіз балалармен жұмыс істейтін мектептерге күшті директор тартылады. Олар жылдық жалақысына қосымша  $28 700 мөлшерінде үстеме ақы алады, ал белгілі бір нәтижелерге қол жеткізгеннен кейін мектеп үшін жылына $24 000 бастап $57 000 дейінгі аралықта грант алып отырады. Ресурстар мұғалімдерді кәсіби дамытуға, білім беру бағдарламаларын алуға және материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталуы мүмкін  [xxiii].

Сондай-ақ, қазақстандық мектептердің басшылары үшін материалдық емес ынталандыру жағдайларын да құру қажет. Ресейде, мысалы, мектеп директоры мамандығының мәртебесі мен тартымдылығын арттыру үшін 2010 жылдан бастап жыл сайын «Мектеп директоры» конкурсы өтіп тұрады [xxiv]. Бұл секілді конкурстар АҚШ Ұлттық мектеп директорлары ассоциациясы тарапынан 50 штаттағы мектеп директорлары арасында да  өткізіледі  (National Association of Secondary School principals).

Білім берудің тиімділігі жоғары жүйелерінде басшылар өз уақыттарының 80%-ға жуығын оқытуды жақсарту, мұғалімдерді ынталандыру және кәсіби дамыту мәселелеріне арнайды екен. Олардың жұмысы мектепті әкімшілендіруге емес, оқу үрдісіне басшылық жасауға бағытталған [xxv]. ЭЫДҰ елдерінде директорлар уақыттарының 41%-ын әкімшілік мәселелерді шешуге арнаса, қалған уақыттарын – оқыту және білім беру мәселелеріне арнайтындығы белгілі болып отыр [xxvi].

Ал, Қазақстанда Назарбаев университетінің орта білім беру жүйесі автономиясы бойынша жүргізілген зерттеулер мектеп директорлары уақытының  60-70%-ын әкімшілік мәселелерге арнайтындығын көрсетіп отыр. Олар оқу-тәрбиелеу үрдісін басқарудан гөрі, шаруашылық бөлімінің басшылары секілді әрекет етеді  [xxvii]. Бұл ретте басшылардың өздері бухгалтерия, юриспруденция, мемлекеттік сатып алу салаларында білімдерінің жеткіліксіз екендігін тілге тиек етіп отыр және аталған мәселелер бойынша тренингтер өткізген жөн деп санайды. «Біз №1 педагог-мұғалімдер, заңгерлер, есепшілер, ұйымдастырушылар бола алуымыз керек» - деп атап көрсетті өз сұхбатында мектеп директорларының бірі  [xxviii].

Мұғалімдерді бағалау үрдісімен салыстырғанда, мектеп басшыларын аттестаттау процедуралары Қазақстанда жаңа ғана басталып келеді (Заңнама бойынша үш жылда бір рет). Мектеп директорларын аттестаттаудың ресми критерийлері белгіленбеген, сол себепті бұл процедура шын мәнінде оқушылардың жетістіктерімен ғана бағаланады (ҰБТ орташа ұпай саны, олимпиадалардың нәтижелері) және бұл ретте мұғалімдерді кәсіби дамтудың үш жылдық есебі негізге алынады. Көптеген мектеп директорлары аттестаттаудан өтудің қағаз жүзінде ғана жүзеге асырылатындығын жасырып отырған жоқ. Аттестаттау нәтижесі директорлардың жалақысына және олардың мансаптық жолына ешқандай да әсер етпейді.

Жаңа Зеландияда мектеп директорының кәсіби стандарттары оларды іріктеудің ғана емес, олардың қызметіне баға берудің де негізгі қағидалары болып табылады. белгілі бір стандарттарға сәйкес келу мектеп директорларының кәсіби дамуына және олардың жалақысының өсуіне тікелей байланысты. Англияда стандарттарға сәйкес келу мектеп басшысына басқа да орта білім беру мектептерінің директорларына ментор, тренер болуға мүмкіндік береді [xxix].

Білім беру саласында жүргізілетін реформалар: 12 жылдық білім беру жүйесінің қолданысқа енгізілуі, білім беру мазмұнын жаңарту, жан басына шаққандағы қаржыландыру, мектептердің уақыт өткен сайын өсіп келе жатқан дербестігі жауапкершіліктің басым үлесінің мектеп басшыларына жүктелетіндігін білдіреді. ЭЫДҰ сарапшылары тиісінші қолдау көрсетілмеген жағдайда, мектеп директорларының аталмыш реформаларды жүзеге асыруға қауқарсыз болатындығын айтады [xxx]. Осыған орай, Қазақстанда мектеп көшбасшыларының қуатты корпусын дамыту үшін төменде көрсетілген іс-шаралар кешенін жүзеге асыру қажет:

  • Магистратура бағдарламасына мектеп басқарушыларды дайындауды қосу;
  • Көшбасшылыққа дайындайтын бағдарламаларға байланысты педагогикалық мамандықтарды әзірлеу және қолданысқа енгізу;
  • Мектеп директорларын жұмысқа қабылдау үшін халықаралық тәжірибеге негізделген кешенді критерийлер жиынтығын әзірлеу;
  • Басқарушы кадрлар резервін құру және дайындау;
  • Мектеп директорларының кәсіби ассоциациясын құру;
  • Мектеп директорлары үшін басқару және көшбасшылық саласында міндетті біліктілікті арттырудың жаңа жобасын әзірлеу;
  • Біліктілікті арттырудың міндетті жаңа жүйесінің кезеңдеріне және элементтеріне сәйкес мектеп директорлары үшін марапаттаулар мен ынталандыру жағдайларын әзірлеу және қолданысқа енгізу.

[i]  NCSL, Seven Strong Claims about Successful School Leadership (2006).

[ii] Ofsted, School Inspection Data (20012/2013).

[iii] Andy Buck (2014). Teaching Schools: the story so far.

[iv] Ұсынылып отырған мақаланы дайындау үшін қазақстандық мектептердің директорларымен 42 сұхбат жүргізілді

[v] OECD (2014), TALIS 2013 Results: an international Perspective on Teaching and learning, oecd Publishing. http://dx.doi.org/10.1787/9789264196261-en

[vi]  Ұлттық Білім беру Деректері Қорының 2014 жылғы деректері.

[vii] OECD (2014), TALIS 2013 Results: an international Perspective on Teaching and learning, oecd Publishing. http://dx.doi.org/10.1787/9789264196261-en

[viii] Centre of Study for Policies and Practices in Education (CEPPE), Chile (2013), “Learning Standards, Teaching Standards and Standards for School Principals: A Comparative Study”, OECD Education Working Papers, No. 99, OECD Publishing.http://dx.doi.org/10.1787/5k3tsjqtp90v-en

[ix] State Government Victoria. Development of Education & Training. Human Resources. Principal Selection. 2015.

[x] The Center for International Understanding (2008). “Learning from Singapore”.

[xi] McKinsey & Company. How the world’s best-performing school systems come out on top (2007)

[xii] The Center for International Understanding (2008). “Learning from Singapore”.

[xiii] Beatriz Pont, Deborah Nusche, Hunter Moorman. (OECD). Improving School Leadership VOLUME 1: POLICY AND PRACTICE (2007)

[xiv]OECD (2014), TALIS 2013 Results: an international Perspective on Teaching and learning, oecd Publishing. http://dx.doi.org/10.1787/9789264196261-en

[xv] Judith Chapman. Recruitment, retention, and development of school principals. International Academy of Education

[xvi] THE EDUCATION ALLIANCE AT BROWN UNIVERSITY NATIONAL ASSOCIATION OF ELEMENTARY SCHOOL PRINCIPALS. Making the case for principal mentoring.

[xvii] OECD/The World Bank (2015), OECD Reviews of School Resources: Kazakhstan 2015, OECD Reviews of School Resources, OECD Publishing, Paris.
DOI: http://dx.doi.org/10.1787/9789264245891-en

[xviii] Judith Chapman. Recruitment, retention, and development of school principals. International Academy of Education

[xix] OECD (2014), Reviews of National Policies for Education: Secondary Education in Kazakhstan, OECD Publishing. http://dx.doi.org/10.1787/9789264205208-en

[xx] Там же.

[xxi] Там же.

[xxii] http://www.future-leaders.org.uk/programmes/talented-leaders/

[xxiii]  https://www.mediastatements.wa.gov.au/Pages/Barnett/2012/03/Pay-boost-fo...

[xxiv] http://konkurs.direktor.ru/

[xxv] Mourshed, M., Chijioke, C. and Barber, M. (2010) How the world’s most improved school systems keep getting better, London: McKinsey & Company.

[xxvi] OECD (2014), TALIS 2013 Results: an international Perspective on Teaching and learning, oecd Publishing. http://dx.doi.org/10.1787/9789264196261-en

[xxvii] Омарбекова А. К. (2015) Орта білім беру жүйесіндегі дербестік: Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептердің дербестігі және есептілігі. ЖБМ. Білім беру мәселелері №2. DOI: 10.17323/1814-9545-2015-2-152-172

[xxviii] Ұсынылып отырған мақаланы дайындау үшін қазақстандық мектептердің директорларымен 42 сұхбат жүргізілді

[xxix] Centre of Study for Policies and Practices in Education (CEPPE), Chile (2013), “Learning Standards, Teaching Standards and Standards for School Principals: A Comparative Study”, OECD Education Working Papers, No. 99, OECD Publishing.http://dx.doi.org/10.1787/5k3tsjqtp90v-en

[xxx] OECD (2014), Reviews of National Policies for Education: Secondary Education in Kazakhstan, OECD Publishing. http://dx.doi.org/10.1787/9789264205208-en

 

Орта білімді дамыту департаментінің бас талдаушысы
Директордың орынбасары, Халықаралық салыстырмалы зерттеулер департаменті