You are here

ОҚЫТУДЫҢ АЛҒАШҚЫ САТЫСЫ: КІШІ ЖАСТАҒЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА АРНАЛҒАН КУРС

Printer-friendly versionPDF version
Құлтуманова Алмагүл
ҚР БҒМ Ұлттық білім беру стастикасы
және бағалау орталығының директоры

 

БҰҰ Даму бағдарламасы 2013 жылғы Адамзаттық даму жөніндегі баяндамасында дүниежүзі елдерінің назарын келесі мәселеге аударады – «адами мүмкіндіктердің аясын кеңейтудің негізгі факторы оқытудың ұзақтығына емес, білім беру сапасына байланысты».  Бағалау саласындағы дәстүрлі сарапшылар мемлекеттік білім беру саясатын жүзеге асырудың тиімділігін білім беру сапасының үш негізгі факторына байланысты мониторинг жүргізу арқылы анықтап отыр.

Бірінші. Білім беру мазмұны – мемлекеттік стандарттар және сәйкесінше оқу бағдарламалары, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер.

Екінші. Табысты оқыту үшін жасалған жағдайлар, оның ішінде елдегі педагогикалық корпус.  Себебі, жүйенің сапасы онда жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің сапасынан жоғары бола алмайды.

Және де үшіншісі, оқушылардың оқу жетістіктері.  Алған білімнің сапасын тасымалдаушы – балабақша, мектеп, колледж немесе жоо түлектері.

Дүниежүзілік педагогикалық қауымдастық тарапынан мақұлданған 15 жастағы мектеп оқушыларының білім саласындағы жетістіктерін анықтауға бағытталған Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымының (ЭЫДҰ) PISA (Programme for International Student Assessment)  халықаралық емтиханы білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті тұлғаны оқуға және кәсіби дамуға ынталандыратын құзыреттілік деңгейін бағалау арқылы анықтайды.  Бұл жобаға дүниежүзінің ең дамыған елдері, оның ішінде ЭЫДҰ елдері де қатысады. Бұл елдердің үлесіне дүниежүзілік экономиканың 80% тиесілі.

Экономика мен әлеуметтік саясаттың алуан түрлі секторларындағы мықты кәсіби «кадрлық резерв» - бұл мектеп оқушылары, олар қазірдің өзінде-ақ күрделі мәселелердің ауқымды көлемін шешу дағдыларының жоғары деңгейін көрсетіп отыр.  Біз өзіміз үшін маңызды сұраққа жауап ала аламыз – мектеп оқушылары болашақта өздерінің білетіндерін қаншалықты дұрыс қолдана алады.  Бұл бүгінгі сапалы білім берудің негізгі критерийі болып табылатын, алынған білімнің ертеңгі күні көрініс табуын  тексеретін бірегей құрал.

Жобаға қатысу қорытындылары объективті деректер беріп қана қоймай, мектептің білім беру саласындағы жетістіктері мен қиындықтарын шынайы бағалауға да мүмкіндік береді. PISA-2012 зерттеуінде, PISA-2009 салыстырғанда, 15 жасар мектеп оқушыларының математика және жаратылыстану ғылымына байланысты сауаттылықтарының жақсара түскендігін байқауға болады. Математикалық сауаттылықты анықтауға негізделген тапсырмаларды орындау нәтижелілігінің өсу көрсеткіші 27 ұпай және оқушылардың жаратылыстану ғылыми құзыреттілік бағыты бойынша 25 ұпайды құрап отыр. Бұл ретте, біздің мектеп оқушыларымыз өздері үшін маңызды құзыреттіліктер – ақпаратты интерпретациялау және талдау, қандай да бір үрдістерге болжам жасау, кестедегі деректермен жұмыс жүргізу және дәлелді жауап беру секілді құзыреттіліктер бойынша шетелдік құрдастарына жете алмай келеді. Иә, біз өз балаларымыздың Не? Қайда? Қашан? деген сұрақтарға толық жауап бере алатындықтарын мақтан етеміз. Алайда, олар – Неге? Қалай? Қашан? секілді сұрақтарға толыққанды жауап беруге қиналады.

Жүргізілген зерттеу жұмыстарының барлық үш саласы бойынша (мектеп оқушыларының мәтінді толық, әрі жеке ақпарат бірлігі ретінде нақты, дәл және терең интерпретациялауы, сауатты дәлелдер айта білу және өзінің көзқарасын жеткізу) функционалды сауаттылықтың ең жоғарғы алтыншы деңгейін Корея, Финляндия, Қытай, Сингапур, Жапония елдерінің 15 жасар оқушылары көрсетіп отыр.

Кез-келген нәтиже – жоспарланған мақсаттар мен міндеттердің себебі және салдары. Мектеп оқушыларының функционалды сауаттылығын халықаралық зерттеудің маңызды миссияларының бірі – білім беру мазмұнының «байлығына» терең сараптамалық талдау жүргізу болып табылады – яғни, стандарттар мен оқу бағдарламаларында белгіленген тұжырымдамалық мақсаттардан бастап, қатысушы-елдердегі балаларды оқыту табыстылығына әсер ететін мәнмәтіндік әлеуметтік-экономикалық факторларға дейін.

Оқушылардың оқу жетістіктерінің деңгейі туралы ақпарат алғаннан кейін, қатысушы-елдердің педагогикалық қауымдастығы оқыту нәтижелерін барынша жақсартудың бағыттарын анықтайды. Бұл ретте оқыту табыстылығының критерийі – ойын анық жеткізе білу, жауаптарын дәйекті түрде дәлелдей алуы, топпен және командада жұмыс істеуі, ең алдымен, бастауыш мектеп деңгейінде қалыптасады. Кіші жастағы мектеп оқушыларына жауапкершілік және достық, көп білуге деген құштарлық және өздерінің «Неге?» деген сұрақтарына толыққанды жауап алу қасиеттері тән. Дәл осы бастауыш мектептің әлеуеті білім берудің негізгі іргетасы ретінде балалардың табысты білім алуының алғышарты болып табылады.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ ҚР БҒМ Ы.Алтынсарин атындағы ҰҒА бірлесе отырып әзірлеген және бүгінгі таңда елдегі педагогикалық қауымдастықтармен кең ауқымда талқыға салынып жатқан Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының бастауыш білім беру мазмұнының жаңа концептуалды моделі ұлттық оқу бағдарламаларын түбегейлі жасақтап шығаруға және оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің контентін жақсартуға мүмкіндік береді.  Бастауыш білімнің негізгі құжатының жобасы нысаналы міндеттердің ауқымын кеңейте түседі – «жеке және топтық жұмыстарды тиімді ұйымдастыру негізі ретіндегі жас ерекшеліктері мүмкіндіктеріне байланысты ақпаратты іздеу, талдау және интерпретациялау дағдыларын дамыту». Бұл, өз кезегінде, педагогикалық әдістердің және тәрбиелеу, оқыту мен дамыту түрлерін жаңартуды көздейді.

Қазақстандық оқушылардың халықаралық зерттеулерге қатысу тәжірибесі мұғалімдер қауымдастығы тарапынан ұсынылып отырған және қабылданған «мектептегі құзыреттіліктер портфелі» критерийлерінің қажеттігін тағы да бір дәлелдей түсті.  Бастауыш білім берудің МЕМСТ жобасында ұсынылған «күтілетін оқыту нәтижесі түрінде ұсынылатын бастауыш білім беру мақсаттарының жүйесі» PISA, TIMSS және PIRLSS секілді мектептегі білім беру сапасың озық халықаралық салыстырмалы зерттеулердің  концептуалды әдіснамалық ережелерімен үндес. Мұндай зерттеулердің халықаралық энциклопедияларының терең талдауы білім беру үдерісіндегі орта білімнің бастауыш сатысынан бастап құзырлықтарды «өсірудің» тиісті тетіктері мен құралдарын енгізу қажеттілігі туралы дәлелдейді.   

Кіші жастағы оқушылардың кез келген ұстазы өз оқушысының білім берудің басқа сатыларында да табысты болып, алған құзыреттіліктерін өмір үшін пайдалы дағдыларға іске асыра білуіне мүделлі. «Жекелеген оқушының және жалпы сыныптың оқу үлгерімінің табыстылық көрсеткіштеріне байланысты оқу әрекетінің табыстылығын» критериалдық тұрғыдан бағалауды қолданысқа енгізу педагогтарға түзетуші ғана емес, ескертуші және болжамдық педагогикалық әрекеттерді жүзеге асыруға, бұл әрекет түрлерін оқыту барысында туындауы мүмкін кемшіліктерді жоюға бағыттауға септігін тигізетін болады. Бұл ретте, белгіленген шектік мөлшер өлшенетін және оқушы үшін де, мұғалім үшін де шынайы болуы тиіс. Бұл жерде, ең алдымен, қазақстандық мұғалімнің қандай да бір қиындыққа ұшырамауы маңызды болып табылады. Себебі мұндай жұмыстың қорытындысы бойынша педагогтың кәсіби құзыреттілігі де айқындала түседі. Оқушылар қол жеткізген жетістіктер «нақты бір пән, сынып» бойынша жасақталған критерийлер негізінде бағалануы тиіс, ол, ең алдымен, оқушының өзі, оның ата-анасы, сонымен бірге, қоғам мен мемлекет тарапынан қойылып отырған талаптарға сәйкес келгені дұрыс.

Қоршаған орта түбегейлі өзгеріске ұшыраған кезде, жүйені ауыстырмау мүмкін емес. Заман білім беру саласына жаңа талаптар қойып отыр. Жаһандық әлемдегі тың өзгерістер бүгінгі таңда мектептердің бір орында тұруына жол бермейді. Біздің ұрпақ қазірдің өзінде «3D» форматта жұмыс істейді – ақпаратты өңдеудің ауқымды көлемі мен жаңа форматы, еңбек саласын және өндірісті автоматтандыру және т.б. Заман тарапынан қойылып отырған талаптарға жауап беру үшін негізгі құзыреттіліктердің жоғары деңгейін қалыптастыра алатын оқыту жүйесі қажет. Өзге мақсаттарға бұрынғы білім беру ортасы және дәстүрлі әдістер мен мазмұны шеңберінде қол еткізу мүмкін емес.

Бастауыш білім беру саласындағы реформа төңкеріс сипатында емес, керісінше, заңнамалық тұрғыда дұрыс құрылған және эволюциялық үрдіс. Жалпы алғанда, кіші мектеп жасындағы оқушыларды оқытудың мазмұнын жаңарту біздің елді жыл сайын Дүниежүзілік экономикалық форуммен өткізілетін дүниежүзі елдерінің бәсекеге қабілеттіліктерін анықтаудың жаһандық рейтингінде «бастауыш білім сапасы» көрсеткішін табысты көрсетуге мүмкіндік беретін болады. Жаңа концептуалды құжатты әзірлеушілер тарапынан ұсынылып отырған «оқушы тұлғасын дамыту сапасын арттыруға бағытталған білім» қағидасын жүзеге асыру дәстүрлі мектептің басты қадамына айналмақ, соның негізінде оқушылар білім алуға бағдарланады, білім беру жүйесінің түлектері өмірде өз орындарын тауып, өз елінің ілгерілеуіне теңдесі жоқ үлес қосатын болады.