2022 жылдың 28 ақпаны және 2, 4 наурыз күндерінде «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ қазақстандық мектептердің директорлары мен мұғалімдерінің қатысуымен халықаралық TALIS-2024 зерттеуінің пилоттық кезеңін өткізді.
TALIS – дүние жүзінде мектеп директорлары мен мұғалімдер арасында сауалнама жүргізу арқылы мұғалімдердің еңбек жағдайын, сондай-ақ мектептердегі білім беру ахуалын зерттейтін ЭЫДҰ жүргізетін халықаралық зерттеу. Қазақстан зерттеуге бірінші рет 2018 жылы қатысып, зерттеу барысында барлық өңірлерден 6 566 мұғалім және 331 директорлардың пікірлерін жинады. Зерттеуге қатысу арқылы еліміздің педагогтері алғаш рет ұлттық және халықаралық деңгейде өз көзқарастары мен пікірлерін білдіру мүмкіндігіне ие болды.
Пилоттық зерттеуге шақырылған 6 мектеп директорлары мен 14 мұғалімдері TALIS халықаралық зерттеуінің шеңберінде дайындалған сауалнамалармен танысты және сұрақтарға жауап беріп, оларды ұлттық контекстіге бейімдеп талқыға салды.
Пилоттық кезең үш фокус-топтан тұрды. Бірінші фокус-топта Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінің басшылары TALIS зерттеуінің директорларға арналған сауалнамасының сұрақтарын сараптап, кері байланыс берді. Қалған екі фокус-топ мұғалімдері ұстаздық қызметте өздерін толғандыратын мәселелер бойынша көзқарастары мен пікірлерін білдіріп, сауалнаманың сұрақтары мен аударылған терминдерді ұлттық мәнмәтінге бейімдеп, бағалы кері байланыс ұсынды.
Кездесулердің соңында талқыланған және кері байланыс берілген сауалнама сұрақтары өңделіп, 2023 жылы орын алатын апробациялық зерттеу және 2024 жылы болатын негізгі зерттеу сауалнамаларына негіз болады.